- «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорындарын цифрландырумен қытайлық Huawei айналысуы мүмкін, деп хабарлайды ұлттық компанияның баспасөз қызметі.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дмитрий Макеев Huawei компаниясының Бейжіңде орналасқан зерттеу және әзірлеу орталығында (R&D) болып, «Huawei Middle East & Central Asia» вице-президенті Ван Шунлимен кездесті.
«Тараптар қос компанияның ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Ван Шунли Huawei компаниясының телекоммуникация, жасанды интеллект, ақпараттық технологиялар, заттар интернеті және цифрлы энергетика саласындағы жетістіктерін баяндады», — делінген компания хабарламасында.
Макеев өндіріске цифрлы шешімдерді енгізу «ҚазМұнайГаздың» басым міндеттерінің бірі екенін айтты.
«ҚазМұнайГаз» басшысының орынбасары атап өткендей, ұлттық компания қазірдің өзінде «Huawei Fusion Module 1000A» контейнерлік деректер орталығын қолданады. «ҚазМұнайГаздың» еншілес кәсіпорындары да қытай компаниясының жабдықтарын (коммутаторлар, радиорелелік жүйелер, WiFi контроллер, қосылу нүктелері, телефон станциялары, IP-телефондар, серверлер және т.б.) кеңінен пайдаланады.
Дмитрий Макеев қытайлық әріптестердің Қазақстандағы өкілдерін Астанадағы «ҚазМұнайГаз» кеңсесіне цифрлы диспетчерлік-талдау орталығының қызметімен танысуға шақырды.
Ол сондай-ақ қазақстандық мұнай-газ операторының Huawei-мен өзара байланысты арттыруға дайын екенін жеткізді.