Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бейнебақылау және қауіпсіздік жүйелері бойынша әлем көшіндегі қытайлық компания «Hikvision Kazakhstan» -мен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Меморандумға сәйкес, Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті базасында оқу орталығы ашылады. Орталық студенттерге заманауи бейнебақылау және қауіпсіздік технологиялары бойынша практикалық білім береді, демонстрациялық стендтер мен заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіледі.
АҚАН ҚҰЛЖАН, «HIKVISION» ЖОБАЛЫҚ БАҒЫТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: «Біз Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті базасында оқу орталығын құруды жоспарлап отырмыз. Бұл орталықта студенттер бейнебақылау және қауіпсіздік жүйелері бойынша практикалық білім алады. Үздік түлектерді біздің серіктес ұйымдарға жұмысқа орналастыру жоспарда бар».
Басқосуда Нұралхан Көшеров шетелдік компания өкіліне «Сіз ұсынып отырған жаңа оқу орталығын құру арқылы жастарды тұрақты жұмыспен қамту мәселесін шешу – біздің әлеуметтік-экономикалық саясатымыздың басым бағыттарының бірі. Сіздердің тәжірибелеріңіз бен біздің өңірдің ресурстарын біріктіріп, цифрландыру саласында жетістіктерге жетеміз деп сенемін», – деді.
Айта кетейік, жоба өңірде IT саласын дамытуға, инновациялық экожүйе қалыптастыруға және жастарға жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталған.
Ботакөз Әнуар







