Шымкентте бір отбасының 5 адамы улы газдан көз жұмды.
Алдын ала мәлімет бойынша, марқұм болғандар ерлі-зайыптылар мен 2007, 2008 және 2012 жылы туған балалар.
Оқиға Ынтымақ-2 шағынауданындағы жеке тұрғын үйде болған.
Газ мамандарының айтуынша, қайғылы оқиғаға дейін қауіпсіздік бойынша жүргізілген рейдтік жұмыстар кезінде жылыту қазандығы тексеріліп, бұл үй газбен қамту желісінен ажыратылған көрінеді. Алайда үй иесі көгілдір отынды өздігінен қосып алған екен.
Шымкент қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, 27 қазан күні жеке тұрғын үйден газдан уланы белгілері бар 5 адамның мәйіті табылған. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы жеткен. Бұл жайт бойынша Қылмыстық кодекстің 292-бабы «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бойынша іс қозғалды. Тиісті сараптамалар тағайындалды.
Шымкент әкімі марқұм болғандардың туыстарына көңіл айтты.
«Қаза тапқандардың туыстарымен кездесіп, жақындарынан айырылған жандарға көңіл айттым. Өз тарапымыздан барлық қажетті қолдау көрсетеміз. Төтенше жағдайлар департаментіне, газ беру қызметтеріне, аудан әкімдіктеріне көпқабатты және жеке секторлардағы газ жабдықтарын бақылау мақсатында кешенді тексеру жүргізуді тапсырдым» деп жазды желі парақшасында қала басшысы Ғабит Сыздықбеков.