Түркістандағы автобус апаты: Науқастардың жағдайы белгілі болды

1137

Түркістанда автобус апатынан кейін ауруханаға түскен науқастардың жағдайы белгілі болды. Көлік оқиғасынан кейін медицина мекемесіне 16 адам түскен. Олар жүргізушілер мен автобус жолаушылары.

Қалалық орталық аурухананың бас дәрігер орынбасары Сапарәлі Әбдиевтің айтуынша, науқастардың 6-уы жедел жәрдем көлігімен жеткізілген. Оның ішінде автобус және жеңіл көлік жүргізушілері де бар. «Хундай Акцент» көлігін тізгіндеген жүргізушінің жағдайы ауыр.

«Жол апатынан соң ауруханаға 16 науқас түсті. Барлығы ересек адамдар. 7-уі травматология бөлімшесіне жатқызылды. Жағдайлары орташа ауыр. Жеңіл көлік жүргізушісінің жағдайы ауыр. Оған шұғыл түрде операция жасалынды. Жансақтау бөлімінде жатыр. Қалған науқастарға алғашқы дәрігерлік көмек көрсетіліп, амбулаториялық емдеуге жіберілді»,-деді бас дәрігер орынбасары.

Еске салсақ, бүгін 18 қазанда таңғы сағат 9-дар шамасында Түркістандағы Сауран шағынауданында  «Хундай Акцент» автокөлігі №17 бағыттағы қоғамдық автобуспен соқтығысқан болатын. Соның салдарынан жолаушылар автобусы жеке үйдің қабырғасын бұзып кіріп, жатын бөлмесіне дейін кіріп кеткен. Адам шығыны жоқ. Тұрғын үйде зейнеткер әжей болған. Ол жатын бөлмеде тынығып жатқан екен. Оның денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.

Полицейлер Қылмыстық кодекстің 345-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде.

Тұрғындардың айтуынша, жол апаты болған маңда бұған дейін де осыған ұқсас оқыс оқиғалар орын алған. Қараша халық жергілікті әкімдікке көше бойына бағдаршам орнату туралы бірнеше рет өтінішпен жүгінген де екен. Алайда нәтиже жоқ деп отыр.