Туристерге қызмет көрсету бекетіне шетел азаматтары келіп, полициядан көмек сұрады. Жастардың айтуынша, олар Үндістаннан Шымкентке білім алуға келіпті. Оқу орнына жақын маңнан пәтер жалдау үшін бейтаныс адаммен сөз байласып, алдын ала 90 мың теңге төлем жасапты. Алайда үй иесі ақшаны алып, 2 күн бойы хабарсыз кеткен соң, студенттер тәртіп сақшыларынан көмек сұрауды шешкен.
Шетел азаматтарына полиция аға лейтенанттары Диана Есенгельдиева мен Айнұр Кульбаева қызмет көрсетті. Сақшы қыздар, жалға беруші ер адамға байланысқа шығып, оның бұл әрекеті дұрыс еместігін түсіндіріп, ақшаны заңды иелеріне қайтармаған жағдайда қылмыстық жауапкершілік арқалайтынын ескерткен.
Түсіндірме жұмыстарынан кейін жергілікті тұрғын орынсыз әрекеті үшін кешірім сұрап, алған ақшаны дер кезінде қайтарып берді. Ал, үндістандықтар тәртіп сақшыларына шынайы ризашылығын білдірді.