Жамбылдағы жарылысқа жауынгерлер кінәлі деп танылды

74

Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімдегі жарылысқа қатысты сот үкімі шықты. Бұл іске байланысты 6 адам айыпталып отыр. Шымкент гарнизонының әскери соты 18 адамның өліміне қатардағы қос жауынгерді айыпты деп танып, әрқайсысы 9 жылға сотталды. Сондай-ақ, сотталған сарбаздар 25 миллиард теңге шығынды өтеуге міндеттелді. Ал, тергеу кезінде күдікті деп танылған төрт офицер жазадан құтылды.

Шымкент гарнизонының әскери сотындағы үкімді тыңдауға келгендердің қарасы қалың. Сондықтан, сотталушылардың туыстарын екі бөлмеге бөліп отырғызды. Байзақ ауданындағы әскери бөлімдегі жарылысқа кінәлі деп сотталып жатқан 6 әскеридің төрт офицері тілшілердің арасына жайғасса, қатардағы қос жауынгер тордың ішінде отырды. Ақпан айынан бері қаралып, 800 томнан тұратын істі судья өте ұзақ оқыды.

Оқиға кезінде әскери бөлім бастығының міндетін атқарған Аслан Бақытжанов, оның орынбасары Руслан Несіпқалиев пен екі офицер Ерлан Бошай мен Берік Омарбеков шендерінен айрылғанымен, кінәсіз деп танылды. Судья 82 адам жараланып, 18 әскеридің өмірін қиған жарылысқа қатардағы жауынгер Әсет Әшірбай мен Ерболат Тұранов айыпты деп танып, олардың әрқайсысына 9 жылдан жаза кесті.

Бөрлібай Қайыпов, Шымкент гарнизоны әскери сотының судьясы: “Тұранов Ерболат, Әшірбай Әсет әрқайсының жәбірленуші өтемақы қорына 15 айлық есептік көрсеткіш 43 мың 700 теңге сомасын мәжбүрлі түрде өтейді”

Үкім оқылып жатқан сәтте сотталған сарбаздар мен туыстарының жандауысы шықты. Жауынгерлерді әкетіп бара жатқанда артынан қаумалаған жақындары сот өкілдері және әскерилермен жаға жыртысты.   

9 жылға бас бостандығынан айрылған сарбаздардың туыстары тергеу кезінен бастап 22 жастағы жігіттерге қысым көрсетілгенін айтады.

Жанар Қадырова, сотталушы Е.Тұрановтың анасы: “Баламды диверсия деген статьямен қорқытады. Шақырады да 27 жылға осымен жіберем сені дейді. Балам көнбейді. Онда да айтады 18 адам бізден сұрап тұр, кім өлтірген деп. Қазір адресіңді берем әке-шешеңді білесің тас талқан қылады дейді”

Ал, сарбаздардың адвокаты сот барысында келтірген бірде бір дәлеліміз назарға алынбады дейді. Әскери борышын өтеп бітуіне бір ай ғана қалған қос сарбаз 3 қабат қорғанышы бар тас қамал қойманы бұзып, шүберекпен өрт шығарды деген миға сыйымсыз деп отыр.

Сағадат Әміре, сотталғандардың қорғаушысы: “Қалдарбек өзінің жауаптарын көрсету барысында сол топырақ үйіндісінің жанына келіп, мен осы жерде көрдім Әшірбайды деген жері топырақ үйіндісінің артында тұрған адамды ол 450 метр жерден көзі рентген болмаса көруі мүмкін емес. Ол соны көрдім деп отыр. Шын айыпталушыны табу, анықтау бұл тергеу органдарының құзыретіне кіреді. Солар анықтау қажет еді. Мен жеңіл жол табылып, дайын тұрған екі сарбазға іліп жіберді ма деген күмән күдігім бар”.

Еске салайық, әскери бөлім қоймасындағы жарылыс 2021 жылдың тамызында болған еді. Жарылыс салдарынан 82 адам жараланып, 18 адам қайтыс болған. Ал осыған дейінгі сот отырысында мүлкі бүлінгендер мен жараланған жәбірленушілер дәл осы сарбаздардың кінәлі дегеніне сенімсіздік білдірген еді.

Бірақ олар сот үкімін тыңдауға келген жоқ. Ал 9 жылға сотталып, 25 миллиард теңге шығынды өтеуге міндеттелген қос сарбаздың жақындары мен адвокаты апелляциялық сотқа жүгінеміз деп бекініп отыр.