Экс-прокурордың туыстары сот үкімімен келіспейтінін жеткізді

38

Шымкентте экс-прокурорға қатысты сот үкімі шықты. Мақсат Қожабаев ҚР ҚК 190-бабы 4 бөлігінің 2 тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Дегенмен, айыпталушы өз кінәсін мойындамаған. Сондай-ақ, іске қатысты кәсіпкер Закир Гуламов пара беруге азғырғаны үшін және тағы екі бап бойынша айыпталып, 5 жыл 1 айға сотталды.

Шымкентте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бұрынғы орынбасары Мақсат Қожабаевқа қатысты сот үкімі шықты. Сотталушы 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, оған мемлекеттік қызметтерде, мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдарда лауазымды қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру жазасы тағайындалды.

Алайда сотталушы Мақсат Қожабаевтың туыстары үкіммен келіскен жоқ. Тілшілерге шығып, үкіммен келіспейтіндігін жеткізуді ұйғарған Сабина Қожабаева соттың әділ өтпегенін айтады. Сөзінше, істе ешқандай дәлел болмаған.

Сабина Қожабаева, сотталушы М.Қожабаевтың қызы: «Бір дәлелдеген жоқ. Бір дәлел көрсете алған жоқ. Не сот барысында,  не одан алдын. Ең әділетсіз сот»

Дегенмен, Қожабаевтың өзге туыстары түсірілімге қарсы болып, БАҚ өкілдерінің жұмысына кедергі келтірді. Тіпті, балағат сөздер айтып, бейәдеп іс-қимылдар көрсетті.

Тергеу дерегіне сүйенсек, Сотталушы Гуламов 2021 жылы танысының жазасын үй қамаққа ауыстырып беру үшін Қожабаевқа 100 мың доллар беруге дайын екенін жеткізген. Екеуі қылмыстық пиғылда бірігіп әрекет ете отырып, пара берушіден 120 мың доллар қаржыға жоғары лауазымды таныстары арқылы шартты түрде жаза тағайындап шығарып бере алатыныдығын айтқан көрінеді. Гуламов 20 мың долларды алғанын мойындады. Ол қаржыны қайтарып берген, ал 2022 жылы Астана қаласының аумағында алған 100 мың АҚШ доллары көлеміндегі қаражат әлі өндірілмеген.

Самидин Темірәлиев, Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы: «Аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін жымқыру мақсатында, өзінің сот жүйесіндегі жоғарғы лауазымдардағы таныстары арқылы Құдайбергеновты күдігінен аса ауыр бапты сотта қысқартып, сот залынан шартты түрде жаза тағайындап шығарып бере алатындығы, бұл қызметі үшін 120 мың АҚШ доллары көлемінде ақша қаражатын беру қажет екендігін жеткізген»

Сот Қожабаевтың жазасын ауырлататын мән-жайлар ретінде қылмысты кәсіби антын бұза отырып жасағандығын назарға алғанын жеткізді. Сондай-ақ, экс-прокурор өз кінәсін мойындамаған. Ал Закир Гуламов кінәсін толық мойындайтындығын, оған шын көңілден өкінетіндігін жеткізген.

Самидин Темірәлиев, Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы: «Сот Қожабаевты 190-баптың 4 бөлігі 2-тармағымен кінәлі деп танып, оған 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Гуламов ҚК 28-бабы 4-бөлігі, 367-бабы 4-бөлігі, 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағымен кінәлі деп танып, ҚК-нің 55-бабының 4-бөлігінің ережелерін қолдану арқылы қылмыстар жиынтығы бойынша түпкілікті 5 жыл 1 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады»

Айта кетейік, пара беруші келіссөз жүргізілген алғашқы күннен бастап жазылған аудиожазбаларды сотқа өзі ұсынғандығы, оқиғаны өзі толық жеткізгендігіне байланысты ол, пара берушіден куәгерге айналған.

Сондай-ақ, судья, Қожабаевтың барлық наградаларын кері қайтару туралы сұралатынын жеткізді. Еске салайық, сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Гүлдана Сейдрасул