Шымкентте 2 жасқа толмаған баланы туысы 4 қабаттың терезесінен лақтырып жіберген болатын. Оқиға 23 қараша күні кешкі 20:00 шамасында Ғ.Иляев көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінде болған. Бала дереу ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылған болатын.
Полицияның мәліметіне сүйенсек, бүлдіршінді терезеден құлатып жіберген анасының 40 жастағы інісі. Ол 2017 жылдан бері психикалық жағдайына байланысты арнайы есепте тұратын көрінеді. Ал орын алған жантүршігерлік жағдайдан жаға ұстаған көршілері, 40 жастағы ер адамның денсаулығындағы кінәраттан хабарымыз бар дейді.
«Көрші әйелдің баласы, соның інісі тастаған екен. Інісі психиатриялық есепте тұрады. Оны психиатриялық ауруханаға апарғанда, алып кете беріңдер деген. Біз білгенбіз інісінің диагнозы бар екенін. Бірақ мұндай боларын ешкім білмеді ғой, бәрімізіді шошытты. Уайымдап жатырмыз, өте қорқынышты жағдай», — дейді көршісі Дана Бектаева.
Болған оқиғаға байланысты ҚР ҚК «Адам өлтіруге оқталу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. 40 жастағы азамат ұсталып, қамауға алынды.
Өмірбек Бекбердиев, Шымкент қаласы ПД Тергеу басқармасының бастығы: «Анықталғаны психиатриялық есепте тұратын баланың анасының інісі 4-ші этаждан баланы ойнап жүрген жерінен алып лақтырып жіберген. Полиция қызметкерлерінің шұғыл шараларының барысында 40 жастағы жігіт ұсталып, қамаққа алынды. Қазіргі таңда қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізілуде»
Бүлдіршін жалғызбасты ананың жалғыз ұлы екен. Өкінішке қарай, төртінші қабаттан лақтырып жіберген бала ауруханада көз жұмды. Жансақтау бөлімінде жатқан бүлдіршіннің жағдайы ауыр болғандықтан, оны аман алып қалу мүмкін болмады дейді дәрігерлер. Сәби ауруханаға ауыр халде жеткізіліп, ес жимастан көз жұмды.