ІІ Түркі универсиадасы Түркістан төрінде өтіп жатыр

44

Түркістанда ІІ Түркі универсиадасы басталды. Байрақты бәсекеге бауырлас 6 елден 500-ге жуық студент қатысып жатыр. Олар 7 түрлі спорт түрінен өзара мықтыларды анықтайтын болады. 

Бауырлас елдер шеруінен басталған спорттық шараға 6 мемлекет жастары қатысып жатыр. Оның ішінде Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркия және Мажарстан бар. Елімізде өтіп жатқан сайысқа мажарлықтар сырттай төрелік етіп қана қоймай, жарысқа қатысуға да ұсыныс тастапты. Олар өз елінен білекті 10 спортшысын ала келген.

Патрисия Мария Наги, Мажарстан елінің жаттықтырушысы: «Менің дзюдодан жаттықтырушы болғаныма 17 жылдай болды. Осы жылдар ішінде бірнеше мықты спортшыларды жаттықтырып шықтым. Мұнда 10 спортшымыз келді. Бәрінен үлкен үміт күтемін. Ал Түркістанға бірінші рет келіп тұрмын, қатты ұнап жатыр»

Дүбірлі дода спорттың 7 түрі бойынша ұйымдастырылған. Олар шахмат, үстел теннисі, волейбол, дзюдо, футзал, грек-рим және еркін күресі. Мұнда 500-ге жуық спортшы универсиада жүлдесін сарапқа салады. ҚР Ғылым және жоғарғы білім министрі шара өтетін шаһар ретінде таңдаудың Түркістанға түсуі бекер емес дейді.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғарғы білім министрі: «ІІ Түркі универсиадасы өтетін жер әрине ешқандай дауға түспей Түркістан деп таңдалды. Киелі жер, қасиетті жер. Ресми түрде түркі жұртының рухани елордасы болып бекітілген мәртебелі шаһар. Тарихи, бауырластыққа шақыратын іс-шаралар көбейтін болады. Ел президенті де осы бауырластыққа үлкен мән беріп отыр»

І Түркі универсиадасы 2018 жылы Әзірбайжанда өткен. Былтыр ел президенті Түркі елдері саммитінде осы жобаны қайта қолға алу жайында ұсыныс айтқан еді. Нәтижесінде спорттық ойындар Күнгей шаһарда жалғасын тапты.