Көші-қон заңдылығын бұзған 80 адам ел аумағынан шығарылды

20

Шымкентте көші-қон заңдылығын бұзған 80 азамат ел аумағынан аластатылды.

Көші-қон басқармасының қызметкерлері «Мигрант» жедел-профилактикалық іс шарасын қорытындылады. Қала аумағында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Қазақстан Республикасына келу, болу және кету ережелерін бұзған 650 шетелдік пен Қазақстан азаматтары анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар Полиция департаментінің қабылдап-тарату орталығына жеке басын анықтайтын құжаттары жоқ – 282 адам орналастырылды. Шетелдіктердің Қазақстанда болу ережелерін бұзған – 460 тұлға анықталып, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 517-бабымен хаттама толтырылды.

«Шетел азаматын заңсыз тұрғын үймен қамтамасыз еткен – 126 шымкенттік әкімшілік кодекстің 518–бабымен және шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған – 64 азамат ҚР ӘҚБтК-нің 519 – бабымен жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, көші-қон заңнамасын өрескел бұзған 80 шетелдік Қазақстан Республикасының аумағынан аластатылды» деп хабарлады полициядан.