Шымкент қаласында құқықтық тәртіпті нығайту және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда. Жергілікті полицейлермен қатар, еліміздің басқа өңірлерінен келген қызметкерлер де жұмылдырылып, қала көшелеріндегі бақылау айтарлықтай күшейтілді.
Алғашқы нәтижелер қабылданған шаралардың тиімділігін көрсетіп отыр. Патрульдеу барысында суық қаруды заңсыз алып жүрудің 5 дерегі анықталып, әрбір факті бойынша тиісті шаралар қабылданды.
Сонымен қатар, полицейлер жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлері тағылған Toyota Camry автокөлігін анықтады. Тексеру барысында көліктің ұрланғаны белгілі болды. Қазіргі уақытта қажетті процессуалдық іс-шаралар жүргізілуде.
Бұдан бөлек, «Қорғау» жүйесі арқылы Chevrolet Cobalt көлігі тоқтатылды. Тексеру нәтижесінде аталған көліктің әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін айыппұлдар бойынша 1,5 млн теңгеден астам берешегі бар екені анықталды. Сондай-ақ жүргізушінің көлік құралын жүргізу құқығы жоқ екені белгілі болды. Оған қатысты әкімшілік шаралар қолданылды.







