Қалада небәрі бір аптаның ішінде 7 мыңнан астам заңбұзушылық тіркелді. Тәртіпті қатаңдату мақсатында өзге өңірлерден арнайы полиция күштері шақыртылған. Осы рейдке байланысты ел арасында «автокөлік жабдықтары жаппай тексеріліп, айыппұл салынып жатыр» деген қауесет тарап, базарлардағы бағаның құбылуына әсер еткен. Көлік тізгіндегендер не дейді? Тәртіп сақшылары шын мәнінде нені тексеріп жатыр?
Қаламызда 1 апта ішінде 7 мыңнан астам жол ережесін бұзу дерегі тіркелген. Бұл «Қауіпсіз жол» іс-шарасы аясында анықталған. Еске сала кетейік, Шымкентте апта басынан бері бірнеше күн өзге өңірлерден келген патрульдік полиция күштері жұмыс істеді. Сол аралықта көлікке қажетті құралдардың қымбаттауы байқалды. Ал жүргізушілер тәртіп сақшылары рейд барысында тек құжаттар мен қауіпсіздікке мән беріп жатқанын айтады.
«Қымбаттауын қымбаттады. Бірақ оны тексерген жоқ екен. Тек документ, ішкендерді, тәртіп бұзғандарды. Сатушылардың өздері шығарып алғандары-ау деймін. ГАИ-дің өзі айтып жатыр. Оны тексеріп халықты мазалап жатқан жоқпыз деп»
«Мен ол жағын білмедім. Рейд кезінде жолға шықпадым. Енді ғана айдап тұрмын машинаны. — шықпауға тырыстыңыз ба рейд кезінде? — жоқ, жұмыс бойынша»
«Өзімізде көлігімізде бәрі бар негізі. Рейдте ештеңе тексерген жоқ. Құжаттар тексерді. Жылдамдықты асырмадық. Зияны тиген жоқ өзімізге. Тыныш өтті Аллаға шүкір. Сатып алған жоқпыз ештеңе. Аптечкада бәрі бар. Бұған дейін де бұлар келмей тұрып та, бәрі өзімізде болған»
Рейдтік іс-шараға Қарағанды, Жамбыл, Қызылорда облыстарының потрульдік полиция қызметкерлері тәжірибе алмасу үшін қатысқан. Тексеріс барысында 565 автокөлік арнайы тұраққа қойылды. Анықталған деректердің қатарында авариялық жағдай туындату, қарсы жолаққа шығу сынды әрекеттер бар дейді мамандар.
АСҚАР ЖҮЗЖАСАРОВ, ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: «Оның ішінде мас күйінде көлік басқару, көлік жүргізу құқығынан айырылған тұлғалардың көлік басқару жүргізу куәлігінсіз басқару жалған мемлекеттік белгіні пайдалана отыра автокөлік басқару, қарсы бағытқа шығу сонымен қатар бағдаршамның тыйым салынатын сигналына өту, көлік құралу басқару кезінде ұялы телефон пайдалану және басқа да құқық бұзушылықтар анықталды».
Ал әлеуметтік желіде талқыланып жатқан медициналық қобдишаға қатысты айыппұл салынбаған көрінеді. «Қауіпсіз жол» іс-шарасы 25-сәуірге дейін жалғасады. Ал өзге өңірден келген тәртіп сақшылары тәжірибе алмасу мақсатында қазір Түркістан облысына ауысты.
Әсел Мәлік






