«Ордабасы» футбол орталығының жаңа алаңы пайдалануға берілді

89

Шымкентте «Ордабасы» футбол орталығының жаңа алаңы ашылды. Нысан заманауи стандарттарға сай жасақталған. Ол үшін итальяндық газон төселіп, жаңа қақпа қойылды.

«Ордабасы» футбол орталығының жаңа алаңшысы пайдалануға берілді. Қайта жаңартудан өткен нысанда бірінші болып қала басшысы доп тепті.

Орталықта 400-ден аса бала футболмен шұғылданады. Соның бірі — 10 жасар Санжар Нұрмахан. Ол жаңа алаңда енді жаттығу сәтінің жеңіл өтетініне қуанышты.

«Стадионның тесік жері көп еді. Ол кезде допты тепсек, оның ұшу бағыты өзгеріп кететін. Қазір алаң жақсы. Енді доп тепкенде, бағыты өзгеріп кетпейтін болды. Газонның Италиядан әкелгенін көрдім. Бұл, әрине, керемет»,-дейді жас футболшы Санжар Нұрмахан.

Мұнда балалардың еркін жаттығу жасауы үшін итальяндық газон төселіп, айналасы тегістелді. Қала басшысы осындай шаралардың бұқаралық спортты дамытудағы рөлі зор екенін айтады.

«Баршамызға құтты болсын! Жастарымыз осы алаңда жаттығып, әлемдік деңгейде өнер көрсететін спортшылармыз көптеп шыға берсін! Құрметті ата-аналар, сіздерді осындай спорт түрлеріне балаларыңызды беріп, спортты қолдауға шақырамын»,-деді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков.

100 метрлік алаңға заманауи сертификатталған алюминий қақпасы орнатылды. Сонымен қатар мұнда 200 тонна кварц құмы мен резеңке түйіршігін төгіліп, жас спортшыларға жайлы жағдай жасалған.