Úı ANONS Ақ халаттылар алаңда: Денсаулық күніне арналған сайыс өтті

Ақ халаттылар алаңда: Денсаулық күніне арналған сайыс өтті

7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық күніне орай Шымкент қалалық Психикалық денсаулық орталығы спорттық сайыс ұйымдастырды. Медицина қызметкерлері бұл күні ақ халатты уақытша спорттық формаға ауыстырып, салауатты өмір салтын насихаттауға кірісті.

 

Психикалық денсаулық орталығының алаңында бүгін ерекше қарбалас. Таң азанымен жиналған медицина қызметкерлері бір командаға бірігіп, түрлі спорт түрлерінен жарыстарға белсене қатысты. Салауатты өмір салтын насихаттап жүрген ақ халаттылар бұл жолы бір-бірімен өз ара күш сынасып, спорттағы мықтыны анықтады.

Абылай, сайысқа қатысушы: “Іс-шараға қатысып жатырмын. Қазіргі таңда МБО-ның 8-бөлімінде жастармен біргеміз. Атмосфера өте керемет, жастардың белсенділігі қуантады. Бұл спорт түрі – есірткіге қарсы бағытталған, сондықтан біз жастарды толық қолдаймыз. Осындай пайдалы әрі мағыналы спорттық іс-шаралар көп болса екен дейміз”.

 

Бағдарламада спорттың жүгіру, волейбол, шахмат және өзге де түрлері қамтылды. Қатысушылар ептілік пен жылдамдықты ғана емес, командалық рухты да көрсете білді. Жалпы сайысқа 150-ден астам медицина қызметкері қатысты.

 

ПЕРИЗАТ ЕРМАХАНОВА, Шымкент қалалық Психикалық денсаулық орталығының салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының маманы: “Бүгінгі күні бір мезетте екі іс-шара ұйымдастырылып отыр: Дүниежүзілік денсаулық күніне арналған акция және Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының жоспарына сәйкес «Спорт – есірткіге қарсы» атты акция. Аталған іс-шараларға психикалық денсаулық орталығының қызметкерлері белсенді қатысуда. Жалпы, денсаулықты әр адам өзінен бастауы керек. Салауатты өмір салтын насихаттауда біз тек сөзбен емес, нақты іс-әрекет арқылы үлгі көрсетуге тырысамыз”.

 

Жарыс қорытындысы бойынша үздік командалар анықталып, белсенді қатысушылар марапатталды. Кәсіподақ тарапынан арнайы сыйлықтар табысталды.

 

Ұйымдастырушылардың сөзінше, мұндай бастамалар ұжым арасындағы бірлікті нығайтып қана қоймай, дәрігерлердің өз денсаулығына да көңіл бөлуіне жол ашады.

Лаура Нахыпқызы