Өзбек драма театрына 20 жыл толды

35

Шымкент қалалық өзбек драма театрына — 20 жыл. Осыған орай өнер ұжымы мерейтойын атап өтті. Шараға елімізге белгілі халық әртістерімен қатар шетелдік театр майталмандары қатысты. Салтанатты жиын барысында жергілікті өнерпаздар Алғыс хаттармен марапатталды.

Шымкент қалалық өзбек драма театрының 20 жылдық мерекесі «Ғунча» ансамблінің әуезді музыкалық композициясымен бастау алды. Көңілді кешке арнайы келген Қазақстанның Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов өнерпаздарды мерейтойымен құттықтады.

«Қазір Шымкент қалалық өзбек драма театрында отырмыз. Бүгін — мереке. Теарға 20 жыл толды. Театр өзі керемет уақытта ашылды. Репертуары бай, өте жақсы құрылған. Актерлары да кәсіби шебер мамандар. 20 жылдық құтты болсын!» — дейді Қазақстанның Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов.

Театр қайраткері өнер ұжымына Құрмет грамотасын табыстады. Құрметке бөленгендердің бірі — Дилфуза Ибрагимжанова. Оның мұнда еңбек етіп жүргеніне 15 жылдан асқан. Өнер иесі басты рөлді сомдаған «Қарыз» қойылымы мәдениет ордасы тарихында ең көп қаралым жинапты.

«Қарыз спектаклі бар. Маған қатты ұнайды. Мен онда Мунира келін рөлін сомдағанмын. Менің жүрегімнен жай тапты. Оның авторы Ташкенттен келіп, Ильхам Зайыров осы спектакльді маған тарту етті. Бұл жерде ата-ананың алдындағы перзенттің борышы туралы айтылады. Маңызды проблема болғандықтан бұл қойылым ұзақ өмір сүрді деп ойлаймын» — дейді театр әртісі Дилфуза Ибрагимжанова.

20 жылдық мерейтойға Өзбекстан елінің өнер майталмандары арнайы шақырылған. Олар Шымкентке келіп, театр ұжымына ыстық ілтипатын білдірді.

«Біздің өзбек мемлекеттік театрының ашылғанына 100 жылға таяды. Ал шымкенттік театрға 20 жыл болды. Біздің немереміз сияқты. Ерекше жас театр. Біз Өзбекстаннан келген делегация өзіміздің ұсынысымызды алып келдік. Ортақ келісімге келіп жатсақ, бірлесе жұмыс жасаймыз деп ойлаймын. Өзім бұл ұжымға көп келіп тұрамын. Репертуары жақсы, маған қатты ұнайты. Театрдың 20 жылдығы құтты болсын» — дейді Өзбекстанның Халық әртісі Саида Раметова.

Театр репертуарында «Қасқыр ұлыған түнде», «Опасыз ақшалар», «Күшік күйеу» сынды 86 туынды бар. Ұжым бірнеше байқауларға қатысып, Театр көктемі фестивалінде «Кейіпкер бейнесін шынай кескіндеу» номинациясына ие болған.

«Құрметті өнер сүйер қауым. Сіздерді Шымкент қалалық өзбек драма театрының 20 жылдық мерейтойымен құттықтауға рұқсат етіңіздер! Қаламыздың мәдениет саласында театрдың алар орны зор. Сондықтан қаламыздың әкімі Ғабит Сыздықбеков өзінің арнайы құттықтауын жеткізді» — дейді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек. 

Шара барысында театр ұжымына Алғыс хаттар, марапаттар мен медальдар табыс етілді. Ал мереке соңы керемет концертке ұласты.