Түркістанда көпбалалы екі отбасыға азық-түлік әкелген полицейлер желі қолданушыларын тәнті етті. Бұдан өзге тәртіп сақшылары бұл отбасының үйіне қой әкеліп, оны сойып, етін реттеп берген.
Сауапты істі үй иесінің бірі видеоға түсіріп алған. Бейнежазбаны ТікТок қолданушысы парақшасында жүктеді.
«Міне, Түркістанның полиция қызметкерлеріне мың алғыс. Көпбалалы анаға, мұқтаж жандарға келіп, мал сойып, қан шығарып жатыр. Алла разы болсын! Бұған қоса азық-түліктері бар. Картоп, пияз, тіпті ұнға дейін әкеп беріп жатыр. Өз көздеріңізбен көріп тұрсыздар»,-дейді автор.
Видеоны көрген желі қолданушылары полицейлердің бұл әрекетіне риза болды.
«Берген садақаларыңды Алла қабыл етсін», «Қарғыс алғанша, алғыс алғаны дұрыс», «Рахмет, ниеттері қабыл болсын», «Жарайсыздар», «Күшті ғой, көз тимесін», «Бұларда да жүрек бар екен ғой», «Барлық полицей осындай қайырымды болса екен» деп жазды желідегілер.
Белгілі болғандай, Түркістан қалалық полиция басқармасына қарасты патрульдік полицияның 5-ші взвод сақшылары өзара қаржы шығарып, бір үйде тұрып жатқан тұрмысы төмен апалы-сіңлілердің отбасына арнайылап барған. Бұл екі отбасы 17 баланы тәрбиелеп отыр екен. Оның бірі 10 баласы бар алтын құрсақты ана болса, екіншісі 7 баланы дүниеге әкелген.
Бір үйде тұрып жатқан екі отбасының асыраушы ер азаматтары күнкөріс қамымен Ресей елінде жұмыс істеп жүр екен. Апалы-сіңлі аналардың біреуі денсаулығы жағынан мүмкіндігі шектеулі жан.
Түркістан облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары мұндай сауапты істі тұрақты түрде өткізіп тұрады. Мәселен, бұған дейін тергеушілер, анықтаушылар осындай отбасыларға қамқорлық жасаса, ал былтыр 60 шақты тәртіп сақшысы бір жылқыны сойып, тұрмысы төмендерге үлестірген.