Шымкентте жыл басынан бері жол-көлік апатынан 16 оқушы қаза тапқан

24

Шымкент қаласының бас полицейі Думан Таев қаладағы білім нысандарының басшылығы мен депутаттармен кездесті. Жиын барысында үшінші мегаполис оқушыларының қауіпсіздігі мен оқу ордаларындағы цифрландыру мәселесі айтылды.

Үшінші мегаполисте жыл басынан бері ЖКА салдарынан 16 оқушы қаза тапқан. Оның алты жағдайында жасөспірімдер көшеде белгіленбеген жерден өту барсында көлік астында қалған. Бұл туралы Шымкенттің бас полицейі ұйымдастырған кездесуде айтылды.

Жиында сонымен қатар оқушылардың қауіпсіздігі мен сапалы интернетке қол жеткізу мәселесі де талқыға түсті. Жиында білім нысандарының өкілдері мектеп жанындағы жаяу жүргіншілер жолын салу жөнінде мәселе көтеріп әкімдікке де барғанын айтады. Бірақ мәселе әлі күнге дейін шешімін таппаған.

Жауаптылар жаяу жүргіншілер жолының мәселесі арнайы топ құрылып, комиссияның шешімі негізінде қарастырылатынын айтты.

Думан Таев, Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы: «Жол апаттары болып жатыр. Қайтыс болғандардың арасында балалар да бар. Қазір 58-дің 27-сі жаяу жүргіншілер жолағында қайтқан кісілер, соның ішінде балалар да бар. Осыған байланысты топ құрып Алматыға жібердім. Онда жедел атқару орталығы бар. Солардың жұмысымен біздің мамандар танысып, қалай қызмет ететінін 3 күнде үйренеді. Мұнда келген соң қала әкімінің орынбасары, өзіміз арнайы топ құрып, комиссиямен сол сұрақты қарастырамыз».

Жиында бұдан бөлек мектептердегі интернет сапасына қатысты да бірқатар сын айтылды. Мамандардың сөзінше білім ұяларындағы ескі интернет сымдар ғаламтордың қажетті дәрежеде жұмыс істеуіне мүмкіндік бермей отыр.

Гүлназ Әбілдаева, Ө. Жолдасбеков атындағы №9 IT-лицейінің директоры: «Сіздер жаңа интернетті мектепке орнатасыздар. Бірақ ол мектеп ішіне кірген соң тозығы жеткен сымдардың салдарынан дұрыс дәрежеде жұмыс істемейді. Әрқашан интернет баяу істейді. Осыған байланысты қаладағы барлық мектептердегі интернет жүйелеріндегі сымдарды өзгерту керек».

Мектеп ішіндегі локалдық жүйелердің ескіруі интернет жылдамдығының баяулауына әсер етіп отырғанын қалалық цифрландыру басқармасы да растап отыр.

Мұхит Кемелов, Шымкент қалалық цифрландыру басқармасының басшысы: «Аталған проблеманы мектептің ішкі дүниесі болған соң оған мектептің өзі қатысып, ұйымдастыру керек. Ол бойынша ескерту жасағанбыз. Білім басқармасының алдына қойғанбыз. Мектептің ішкі локалдық жүйелері ескіріп, интернеттің сапасы жоғалады. Ұсыныс бергенбіз. Барлық локалдық жүйені ремонттау қажет».

Айта кетейік, сала мамандары қазіргі мектептердегі бейне бақылау камералары мен дабыл нүктелерінің жұмысын жіті бақылауға алған. Сонымен қатар, бас полицей ата-аналардың кәмелетке толмаған балаларына баса назар аударуға шақырды. Себебі бүгінге дейін түнгі уақытта көше кезген 18- ге толмағандардың 5 мыңнан астам заңды өкілдері жауапқа тартылып үлгерген екен