Білім бөлімдерінің қызметкерлері 2,6 млд теңгені жымқырды деген күдікке ілінді

212

(Фото: ашық дереккөз)

Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Шардара және Сарыағаш аудандарының білім бөлімдерінің бухгалтерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Олар бюджет қаражатын аса ірі көлемде жүйелі негізде жымқырды деген күдікке ілінген.

Антикордың ресми мәліметінше, 17 адамның үстінен іс қозғалған.

Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, күдіктілер 2020-2023 жылдар аралығында білім беру саласында жұмыс істемейтін тұлғалардың шоттарына ақша қаражатын аудару, сондай-ақ мектеп қызметкерлеріне жоғары жалақы есептеу арқылы шамамен 2,6 млрд теңге сома жымқырған. Қазіргі уақытта Түркістан облысының білім беру саласынан 17 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылуда, олардың 4-і қамауға алынды.

Залалды өтеу мақсатында 39 жылжымайтын мүлік, 44 автомашина, зергерлік бұйымдар және қылмыстық істер бойынша айыпталушылардың ақшалай қаражаттары бұғатталған. Сонымен қатар тергеу барысында Түркістан облысының тексеру комиссиясының мемлекеттік аудиторы әшкереленді. Ол Сарыағаш ауданындағы мектептердің бірінде аудит барысында анықталған жымқыру фактілерін пайдакүнемдік ниетпен жасырған.