«Кентау қаласындағы жылуға қатысты жағдай реттеліп келеді»,-дейді әкімдіктегілер. Шаһардағы көне № 5 жылу электр орталығы қалыпты жұмыс істеп тұр. Жылу температурасы +57-ні көрсетсе, кері қайтару температурасы + 41. Барлық электр-жылу желілері қалпына келтірілді. Тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған.
Мектептер мен балабақшалардың резервтік қазандықтарын қосу мәселесі қаралуда.
Күннің күрт сууынан және жылу құбырларындағы температураның төмендеуінен қала ішіндегі жылу құбырларында ақау пайда болып, тұрғындарды әбігерге салған болатын. Арнайы бригаданың шұғыл әрекет етуінен жарылған құбырлар қалыпқа келтірілді. Қазіргі таңда қала тұрғындарын толықтай жылумен қамту мақсатында жұмыс штаттық режимде жүруде.
Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов және Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов тұрғындармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Айта кетейік, желтоқсанның 13-нен бастап дауылды жел соғып, қалада жарық өшкен. Салдарынан 4 қазандық сөніп, жылу желісінің температурасы 60-тан 27 градусқа дейін төмендеді. Одан кейiн кей жерлерде екпiнi 40 м/с және одан да жоғары болатын қатты желден жылу жүйесі 6 рет тоқтап қалды.
Жылу орталығында соңғы рет күрделі жөндеу осыдан 10 жыл бұрын жасалған. Биыл демеушілер есебінен 4 қазандық жөндеуден өтті. Әлі екі қазандық толық жаңартылады.
«Кентау сервис» МКК-сі № 5 ЖЭО кәсіпорны 1934 жылы құрылған. Қондырғылар 1952 жылы орнатылған.
Жылу құбырларының ұзындығы 169 шақырымды құрайды. Кентау қаласында №5 ЖЭО-ғы 14 000 астам абонентті жылумен қамтамасыз етеді. Оның ішінде 350-ге жуық көпқабатты үй, 100-ден аса бюджеттік мекеме, 401 коммерциялық нысан және 2 мыңнан аса жеке сектордағы үй бар.