Көлік министрі Шымкентке жұмыс сапарымен келді

123

Шымкентке еліміздің Көлік министрі Марат Қарабаев келді. Министр қала тұрғындарымен кездесіп, ұсыныс-тілектерін тыңдады. Кездесуге қатысушылар жол-көлік саласына қатысты өздерін мазалаған сауалдарын қойып, шешу жолдарын сұрады.

Мегаполис халқы Марат Қарабаевқа айналма жолдарды салу қарқыны, жаңа ішкі орамдық жолдардың сапасы және қоғамдық көліктің жұмысы мен жолақы  мәселелерімен жүгінді. Тұрғындар мемлекет бөлетін субсидияның болғанына қарамастан, тасымалдаушылар заңды айналып өтіп, халықтан қолма қол ақы алатынын жеткізді. Сондай-ақ жол жүру бағасын көтеру мәселесі де қозғалды.

«Біздің Шымкент қаласы республика бойынша ең төменгі орташа айлық – 254 мың теңге. Ал оның ішінде бір жақсы методика бар. Егер аймақта төмен айлық болатын болса, республика бойынша орташа жалақыны алады деген. Біз соған өте қуандық. Бірақ бұл мәселе осы күнге дейін шешілген жоқ. Сол методиканы тезірек шешіп берсеңіздер екен деген мәселе», — деді қала тұрғыны.

Министр субсидия мәселесін зерделеуді, автобустардың сапасы бойынша көтерілген проблемаларды мамандармен бірге талдайтынын жеткізді. Сондай-ақ жиынға қатысушылар жол-көлік саласы бойынша оқытылатын мамандықтар мен пәндердің мазмұндылығы жөнінде де сөз қозғады. Марат Қарабаев бұл бағыттағы жұмыстар Ғылым және білім министрлігімен бірге атқарылып жатқанын атап өтті.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

«Білім министрлігімен қосылып, комиссиясын өткіздік. Бәрін қосып тастаған еді ғой, енді соларды бағытқа бөліп жатырмыз. Одан кейін, 1000 тегін оқытатын грант ашып жатырмыз, мұны Премьер министр қолдады. Ал бағыттарға бөлу бойынша жауапты мамандар сіздерге барлығын түсіндіретін болады.»

Марат Қарабаев Шымкент қаласына іссапары барысында әуежайдың жаңа терминал құрылысымен танысып, жауаптыларға жұмыс күшін көбейтіп, құрылыс қарқынын арттыруды тапсырды. Сонымен қатар теміржол вокзалының ғимаратын реконструкциялау жұмыстарын бақылап қайтқан министр құрылысты белгіленген мерзімде аяқтау бойынша нақты тапсырмалар берді.