1 қаңтарда Шымкент қалалық перзентханасында 27 сәби дүние есігін ашты

Шымкент қалалық перзентханасында 1 қаңтар күні 27 сәби дүниеге келген. Оның 18-і қыз болса, 9-ы ұл бала. Барлығының жағдайы жақсы. Бүгін алғашқылары үйге шығарылып жатыр.

Жүнісовтер отбасында үлкен қуаныш! 1 қаңтар күні үш ұлдан кейін дүниеге Балым есімді қыз келді. Көптен күткен немере Жаңа жылда ең керемет сый болды дейді әжесі. Сәби мен анасының жағдайы жақсы болғандықтан, бүгін оларды үйге шығарды.

«Төртінші немерем, қызымыз көптен күткен. Үш ұлымыз бар алдында. Балым қызымыз ғұмырлы болсын! Бүгін шығарып алып кетіп бара жатырмыз. 2024 жылдың 1 қаңтарында туылған жаңалығымыз болды бізге келген! Осындай жаңалықтарымыз көп бола берсін барлықтарымызда!»- деп қуанышымен бөлісті Шымкент қаласының тұрғыны Райхан Жүнісова.

Шымкент қаласының тұрғыны Шолпан Слан Жаңа жыл мерекесінде дүниеге қыз әкелді. Аяулым есімді кестетігердің анасы нәрестенің жағдайы жақсы екенін айтады. Екінші перзентін жаңа жылдың алғашқы күнінде өмірге әкелген ана, тұңғышын 2022 жылдың 16 желтоқсанында босанған.

Шолпан Слан, Шымкент қаласының тұрғыны: «Баламды 1-ші қаңтарда босандым, атамның туған күні де 1-і, үш мерекеге бірдей тура келді. Есімін атасы Аяулым деп қойды».

Ал 34 жастағы Диана Кусепова мереке күні дүниеге шекесі торсықтай ұл әкелді. Мұстафа есімді батыр отбасының көптен күткен тұңғыш перзенті. Салмағы 2,7 келі болып туылған баланың денсаулығы жақсы.

Диана Кусепова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бірінші перзентім, Аллаға шүкір! Тілеп жүріп, 34 жасымда босандым. Өте қуаныштымын! Ертең шығамыз бұйырса! Баламның жағдайы күшті, бүгін бәрінен өттік, бәрі жақсы шықты».

1 қаңтар күні Шымкент қалалық перзентханасында 27 нәресте жарық дүние есігін ашты. Оның 18 қыз болса, 9-ы ер бала. Ақ халаттылар барлық ана мен баланың жағдайы жақсы екенін жеткізді.

Айгүл Асанбаева, Шымкент қалалық перзентханасының акушер-гинекологы: «Мерекеге қарамастан біздің қызметкерлер жұмыстарын жақсы атқарды. Бірінші қаңтарда бізде 27 әйел босанды, оның ішінде 18-қыз, 9-ұл бала. Жағдайлар жақсы. Бүгінгі таңда барлық әйел нәрестелерімен үйге шығып жатыр».

Жалпы елімізде 1 қаңтар күні 00:00-ден кейін 191 сәби, нақтырақ айтқанда 101 ұл және 90 қыз дүние есігін ашқан. Мереке түнінде туған нәрестелердің ең көп саны Түркістан облысында – 38 бала, екінші орында – Шымкент, ал үшінші Алматыда қаласы тіркелген.