2024 жылдың бір жаңалығы – елімізде 11 жасар қыз балаларды папиллома вирусына қарсы вакциналау басталады. Өйткені адам папиллома вирусы жасарып, 20 жаста да кездесіп жатыр екен. Енді соның алдын алу керек. Адам папиллома вирусы дегеніміз не? Бұдан туындайтын аурулар асқынса, салдары қандай? Алдын алудың жолы қайсы?
Елімізде 2024 жылдың үшінші тоқсанында папиллома вирусына қарсы вакциналау басталады. Бұл – қабынудан кейін шығатын инфекция түрі. Аурудың жиі таралуына жыныстық қатынастың бұзылуы да себеп. Қауіпті инфекция асқынған жағдайда жатыр мойнының обырына әкеп соғады екен.
Дәулетбек Жұмағали, Шымкент қалалық онкологиялық орталық директорының орынбасары: «Жатыр мойны обыры, қатерлі ісігі дейміз, оның негізгі себебі – 95-98 пайызында адамның папиллома вирусы. Ал ол вирус негізі жай ғана кір сабыннан өледі. Жыныстық қатынастың бұзылуынан, басқа бір жағдайлардан, қабыну процесінің көп болуынан жұқтыруы мүмкін бұл індетті. Мұның 180 түрі болады. Оның өзі үш бөлікке бөлінеді. Бірінші, ең қауіпті бөлігі – 16,18 түрлері деп айтылады. Одан кейін – орташа түрі 31-ден басталады және үшінші төмен түрлері болады. Қарқындылығы жағынан 16,18 түрлері – ең қауіпті түрі болып саналады».
Вакцинация вирустың дәл осы 16 және 18 түріне арналған. Ол – 11 жастағы қыз балаларға салынады. Бұл үшін ата-ана балаға вакцина салуға келісімін беру керек. Ақ халаттылардың сөзінше, адам папиллома вирусы жасарып келеді. Бұл дерт – 18 жасар әрі тұрмысқа шықпаған қыздарда да кездесіп жатыр.
Дәулетбек Жұмағали, Шымкент қалалық онкологиялық орталық директорының орынбасары: «Бұл вакцинаның тағы бір ерекшелігі – оны тек 13 жасқа дейін ғана алу керек. Ары қарай оның пайдасы болмайды. Сондықтан 11 жастан бастап жатқаны сол. Қазіргі бағдарлама бойынша, бұрын ақша бөлнбейтін еді, қазір осы бағдарламада ақша бөлініп жатыр. 18 жаста шығып жатыр. Тұрмысқа шықпағандардың ішінде болып жатыр, бұрын басында 40 жастан бастағанбыз осыдан 10 жыл бұрын да, қазір 24, 20 енді 18 жастағы тұрмысқа шықпаған қыздарда бар. Қабыну процесі ғой, бала қаралмайды, қоғамдық бірдеңеге барып жұқтырып алды да емделмей жүре береді, қаралмайды».
АПВ вирусын әйелдер де, ерлер де жұқтырады. Бірақ әйелдер үшін қаупі басым. Вирусты жұқтырып, қатерлі ісікке шалдыққандар саны да аз емес. Мәселен, 2021 жылы 85 адам жатыр мойны ісігіне шалдықса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 104 адамға жеткен. Ал өткен жылы 98 адамға жатыр мойны обыры диагнозы қойылған. Ақ халаттылар тұрғындарға уақытылы тексеруден өтіп, вакцина алудың өте маңызды екенін ескертеді.