Шымкент қаласы №2 қалалық аурухана базасында МӘМС есебінен алғаш рет беттегі үшкіл жүйке жүйесінің ауруына шалдыққан науқасқа жоғары технологиялық ота жасалды. Ота құны 3 млн. теңгені құрайды.
51 жастағы қала тұрғыны бұл дертпен ауырғанына 2 жыл болған. Өкінішке орай, дәрі-дәрмек пен физиотерапия емі жеңілдік әкелмеген. Нәтижесінде білікті нейрохирург -дәрігерлер құрамы ауырсынудың себебін жою және одан әрі асқынулардың алдын алу үшін үшкіл нервке операция жасау туралы шешім қабылдайды. Операцияны нейрохирург Еркін Медетов микроваскулярлық декомпрессия әдісімен жасады. Бұл әдіс 97% жағдайда тиімді. Өйткені тригеминальды жүйке тамырын ми артерияларының немесе тамырлардың қысылуынан босатуға болады дейді мамандар. Ота сәтті өтіп, қазір науқастың жағдайы өте жақсы. Өз тарапынан дәрігерлер мен МӘМС бойынша тегін жасалған ота үшін алғысын білдіруде.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында қымбат бағалы ота түрлері науқастарға қолжетімді болуда. Мәселен, былтыр Шымкент қаласында 1500-ге жуық науқасқа қымбат ота жасалған. Заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған № 2 ауруханада күрделі ота түрлері де МӘМС аясында жасалуда. Халықаралық деңгейдегі мамандар мұнда былтыр 200-ден астам қымбат тұратын эндоваскулярлы ота түрлерін жасаған.