Шымкентте тағы бір үшем дүниеге келді

19

Шымкентте үш бірдей ару дүниеге келді. Үшемнің есімі Әмина, Сәбина және Медина. Осылайша 38 жастағы келіншек 8 баланың анасы атанды. Мерейлі отбасының қуанышты сәтіне арна тілшісі куә болып қайтты.

Шымкентте бес баланың анасы дүниеге үшем әкелді. Гулмира Дәуірбаева 10 қаңтарда Әмина, Сәбина және Медина есімді үш арудың анасы атанды. 38 жастағы алтын құрсақты келіншек осылайша 8 балалы болды.

«Күтпеген жағдай болды негізі. Үйде 5 бала болған соң, болды ғой енді деп жүргенбіз. Кейін аяқ астынан осылай болды. УДЗ үшем дегенде біраз қобалжыдық. Қыздарым дүниеге келгенде басқаша сезімде болдым, жыладым» ,- дейді үшемнің анасы Гүлмира Дәуірбаева.

Сарыағаштық тұрғын бұл сәбилерін ота жолымен сәтті босанған. Мерзіміне жетпей туылған қыздардың жағдайы бүгінде бірқалыпты дейді дәрігерлер.

Сандуғаш Шыңғысбекова, №1 облыстық перинаталдық орталығының дәрігер неонатологы: «Бұл үшем туылар кезде таңғы конференцияда жоспарлы түрде операция болады деп айтылды. Үшем ота жолымен босанды. Біріншісі 2000, екіншісі 2300, үшіншісі 1900 келі болды. Бірінші баласы сипап апаратында жатты. Екінші мен үшіншісі кәдімгі ылғалды маска арқылы жатты. 3-4 күнде жағдайлары бір қалыпты бола бастады. Ал, 7-ші күні емшек сүтін емді» 

Айта кетейік, үшем №1 облыстық перинаталдық орталықта дүниеге келді. Былтыр мұнда 158 егіз бен 2 үшем дүние есігін ашқан. Ал Әмина, Сәбина және Медина биыл өмір есігін ашқан екінші үшемдер.