Бірыңғай уақыт белдеуі намаз уақытына да әсер етеді

56
фото inva.kz

Бүгін түнгі сағат 00:00-де еліміздің барлық өңірі бірыңғай уақыт белдеуіне көшеді. Яғни уақыт 1 сағатқа артқа жылжиды. Бұл – әуе рейсі, теміржол қатынасы және діни рәсімдер өткізуге ықпал етпек.

Елімізде бүгін түнде бірыңғай уақыт белдеуі енгізіледі. Яғни 29-нан 1 наурызға қараған түні 00:00-де жергілікті уақыт 1 сағатқа артқа шегеріледі. Соған байланысты теміржол және әуе қатынасында біраз мәселе туындауы мүмкін. Сондықтан әуе компаниялары билеттерді сату жүйесінде қажетті өзгерістер енгізді. Оны арнайы сайт беттерінен қарауға болады. Ал пойыздар кестесі жайында ақпаратты Telegram бот арқылы бақылауға мүмкіндік жасалған.

Бірыңғай уақыт белдеуіне көшу намаз оқу уақытына да әсер етпек. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мәлімдеді. Кесте үш республикалық қала мен 12 облыста ауысады. Шымкент қаласы мен Түркістан облысындағы намаз оқу уақыты да өзгерген.

«Бізде 5 уақыт намаз оқу, жұма намаз оқу уақыты өзгереді. Соған байланысты арнайы жұмыс жүргізіп жатырмыз. Халыққа ыңғайлы болуы үшін бесін намазының уақытысы, яғни жұма намазы уақытысы негізі 12 жарымда кіреді. Бірақ Түркістан облысы мен Шымкент қаласының имамдары ақылдаса отырып, жұма намазының уақытысын 13:20 деп бекіттік. Өйткені мемлекеттік қызметкерлер түскі уақытта келіп оқып үлгеруі үшін жасалды. Ал қалған намаздар ақшам намазы, құптан дейміз ғой, бәрі өз уақытында оқыла береді», – дейді ҚМБД Шымкент қаласы бойынша наиб имамы Мұхамеджан Естеміров.

UTC+5-ке ауысқан сәттен бастап, намаз уақытын sajda.kz немесе www.muftyat.kz сайтынан қарауға болады. Онда телефонның бағдарламасына қарай баптау түрі толық көрсетілген.

Атап айтқанда, жаңартылған қосымша бетіндегі «уақыт белдеуінің өзгеруі» батырмасын басқанда, түсіндірме беті ашылады. Мұнда android, iOS версияларына арналған нұсқаманы жасау арқылы уақытты баптауға болады.

Ел бойынша бірыңғай уақыт белдеуіне ауысқан кезде байланыс операторлары уақытша қызметін үзуі мүмкін. Бұл туралы арнайы хабарлама таратылып жатыр. Мобильді телефондағы уақыт қалыпқа келген сәтте, байланыс қайта тұрақталады.