Сабақ үстінде телефон пайдалануға тыйым салынады

1034

Енді оқушыларға сабақта телефон пайдалануға тыйым салынады. Заң жобасы Мемлекет басшысына қол қоюға жіберілді. Сенат бірауыздан мақұлдаған ереже Президент қол қойса, күшіне енбек. Құжатта оқушылардың қауіпсіздігіне және мектеп құрылысына қатысты мәселелер де қамтылған. Мұндай ережені қабылдауға не түрткі болды? 

Сенат президентке оқушылардың сабақта телефон пайдалануына тыйым салу туралы заң жобасын жолдады. Бұл бастаманы мұғалімдер де қолдайды. Сөздерінше, сабаққа телефон алып кірген оқушының ойы көп бөлінеді. Білім алуға деген ынтасы төмендеп, сабақ кезіндегі уақытты тиімді пайдалануға кері әсер етеді. Ал оның салдары шәкірттің оқу үлгерімінің төмендеуіне әкелуі мүмкін.

«Оқушылардың сабақ уақытында телефондарын пайдалануына қарсымын. Саналы түрде, бағытталған түрде телефонды пайдаланатын оқушылар өте аз. Көп жағдайда әлеуметтік желілерді пайдаланып, қажет емес мақсатта пайдаланады. Сондықтан оның пайдасынан гөрі кедергісі көбірек тиеді«, — дейді  Ы. Алтынсарин атындағы мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Динара Өтебаева.

Ереже тек сабақ кезіндегі шектеулерге ғана қатысты. Оқушы мектепке ұялы телефон алып келе алады. Ал балалар мұндай өзгеріске дайын екендерін айтады.

«Бағдардан алыстап кетпеу, яғни ата-анаңмен байланыста болу, достармен хабарласу үшін керек. Ал былай, меніңше, сабақ үстінде керек емес. Өйткені әркімнің алдында оқулық тұр, сол арқылы біз керек ақпаратты ала аламыз«,- дейді 10-сынып оқушысы Аружан Жанабекова.

Ал шымкенттіктердің бұл тұрғыда пікірі екіге бөлінді. Бірі қолданысқа енгелі отырған заң жобасын қолдаса, енді бірі мұның дұрыс емес екенін айтады.

«Менің кішкентай балаларым бар. Бірақ мен телефонды мектепке апаруын қолдамаймын. Себебі сабақ оқиды, не істейді телефонды мектепте?«, деді қала тұрғыны.

«Мен негізі оны құптаймын. Себебі мұғалімдердің барлығы қазір интернеттен береді  тапсырманы. Қолынан телефон түспейді. Ана кітапты не үшін зілдей қылып алып барады сонда?», -дейді ата-аналар.

«Мысалы біреуі физ-мат болса, соларға керек. Калькулятор, график жазуға.
Мен мектепте оқимын. Бізге телефонмен ыңғайлы болады«, — дейді тағы бір оқушы.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қазақстандық оқушылар шетелдік құрдастарынан 3 жыл артта екенін айтады. Сөзінше, әлеуметтік желіге әуестік балалардың сабақ үлгеріміне де әсер етіп жатыр.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы: «Оқу сауатының жағдайы алаңдатып отыр. Біздің оқушылар дамыған елдердегі құрдастарынан 3 жылға қалып отыр. Сонымен бірге оқушылардың әлеуметтік желілерге де әуес екені байқалады. Бұл қауіпсіз секілді көрінгенімен, болашақта сапалы маман дайындауға кедергі болады«.

Құжатта басқа да мәселелерге көңіл бөлінген. Мәселен, әр ғимаратта терезелердің ашылуына тосқауыл қоятын арнайы механизм орнату талап етілген. Ал, мектеп, балабақша мен ауруханалары жоқ аудандарда көпқабатты тұрғын үй құрылысын жүргізуге тыйым салынады. Ережеге сәйкес жаңа ауданда әуелі әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілуі қажет.