Шымкент қаласында бокс федерациясының Президенті ауысты. Экс-басшы Бахадыр Нарымбетов жаңадан келген Батырбек Әшірбаевтан үлкен үміт күтетінін жеткізді. Бокс жанашырлары жиналған жиында тілшіміз де болып қайтты.
Шымкент қаласының бокс федерациясына жаңа басшы тағайындалды. Бұл қызметке Батырбек Әшірбаев тағайындалды. Бұдан былай федерацияға жетекшілік ететін жаңа басшы алдағы мақсаттарын айқындап, нақты жұмыстар атқаратынын айтап өтті.
Батырбек Әшірбаев, Шымкент қалалық бокс федерациясының президенті: «Алдымыздағы басты мақсат — Италияда өтетін Халықаралық жарыс. Жарысқа қаламыздан атынан 2 боксшымыз барады. Ол Жайна Шекербекова, Мақсұт Сабырхан. Алдымыздағы мақсат сол лицензияны алу. Сосын шілде айында болатын Олимпиадада жақсы нәтиже көрсетеміз деп ойлаймын. Барлықтарыңызға үлкен рахмет»
Бокс жанашырлары жиналған шараға Федерацияның экс-президенті Бахадыр Нарымбетов те қатысты. Ол бокс — ұлтымыздың даңқын асырған дамушы спорт түрі екенін, оны кәсіби тұрғыда дамытып, спортшылардың жағдайын жасаудың жолдарын әлі де қарастыратынын айтты.
Бахадыр Нарымбетов, Шымкент қаласы Мәслихатының төрағасы: «Бокс — Қазақстан үшін ерекше спорт түрі. Бокстың орны бөлек. Әрине барлық спорттың түрін құрметтейміз. Бірақ рейтинг жағынан да, көбірек мән беретін жағы осы бокс. Бізді әлемге танытып жатқан спорттың түрі осы — бокс »
Жиналғандар жаңа басшыға сәттілік тілеп, алдағы жарыстардан жақсы нәтиже күтетіндерін жеткізді.