Спирттік ішімдік ұрлауды кәсіпке айналдырғандар ұсталды

50

Шымкент полицейлері дүкеннен спирттік ішімдіктерді қолды қылғандарды ұстады. Тұран ауданы Полиция басқармасына азық-түлік дүкенінен тауар ұрланғаны туралы хабарлама келіп түскен. Сатушының айтуынша, белгісіз біреулер сөрелерден алкогольдік ішімдікті ұрлап кеткен.

Полиция қызметкерлері бейнекамераларды қарау барысында екі ер азаматтың дүкен ішінен бөтелкені байқатпай алып кеткендіктері белгілі болды.
Жедел уәкілдер күдіктілердің жеке басын анықтады. Олар Түркістан облысының тұрғындары болып шықты.
Анықтаушылар тергеу барысында олардың дәл осындай 6 жайтқа қатысы барын анықтады. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі 500 000 теңгені құраған.
Күдіктілер қолды қылған ішімдіктерді арзан бағаға сатып, алған ақшасына қаладағы дәмханалардан тамақтанып жүрген.
Қазіргі таңда, күдіктілерге қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды.