Шымкентте қайтарымсыз грант арқылы кәсібін ашқандар қалалық жәрмеңкеде өнімдерін ұсынды. Биыл мегаполисте 426 адамға грант беру жоспарланған. Ал өткен жылы қаржысын мақсатсыз жұмсаған 100-ге жуық азаматқа қатысты тексеру жұмыстары жүріп жатыр.
Азиза Маналиева өткен жылы 1 млн. 380 мың теңге көлемінде грант иегері атанған. Көпбалалы ана кәсібін ашып бүгінде көлікке арналған бұйымдар шығарумен айналысады. Кәсіп иесі Шымкент қаласында бұл бизнес түріне сұраныстың да бәсекенің де өте жоғары екенін айтады. Ол бүгінде 15 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Азиза Маналиева, кәсіпкер: «Ұтқанымызға машинкалар алғанбыз және осы істі бастадық, авточехол тігеміз. Әр машинаға арнайы өзінің өлшемі белгіленеді. Соған қарай тігеміз. Материалдарды Алматыдан тапсырыс береміз, базардан алатынымыз бар, жалпы алатын орындарымыз бар арнайы. Қиын емес, енді ғана бастадық қой, бұйырса, кеңейтеміз, үлкейтеміз деген ойдамыз».
Ал Гүлмира Бакирова 10 млн. көлемінде 1 пайыздық несие алып, бизнесін дөңгелетіп отыр. Кәсіпкер қыз ұзату, қалыңдық көйлектерін тігумен айналысады. Оның көйлектері бүгінде тек Қазақстан нарығында ғана емес, шетелдерде сұранысқа ие.
«Қазақстанға тарайды, сонымен қатар, онлайн тапсырыс алып шетелге де жібереміз. Оның ішінде Германия, АҚШ-та тұратын қазақтардың қыздарының ұзатуына жібердік көйлектерімізді. Қытайдағы, Моңғолиядағы қазақтарға да көйлектерімізді ұсындық. Президенттік қарсы алуларға да алады көйлектерімізді», — дейді кәсіпкер Гүлмира Бакирова.
Бүгін көрме орталығында жәрмеңке ұйымдастырылып, қайтарымсыз грант арқылы кәсібін ашқандар өнімдерін ұсынды. Іс-шараға 150 азамат қатысты. Кәсікерлердің өнімдерімен танысқан қала әкімі, бизнес бастаймын деген азаматқа әрдайым қолдау болатынын жеткізді.
«Жалпы қаламызда 130 мыңнан астам кәсіпкер бар. Жұмыс істеймін деген адамға бізде мемлекет тарапынан барлық қолдаулар бар. Одан бөлек жуырда шешім қабылдағанымды да оқыған шығарсыздар, бөлшек сауда салығын 4 пайыздан 2 пайызға қысқарту туралы шешім қабылдадым. Жақында мәслихат отырысын өткіземіз», — деді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков.
Жәрмеңкеге тек қайтарымсыз грант иелері ғана емес, қысқа мерзімді кәсіптік оқуды аяқтап, бизнесін ашқан, 2,5 пайыздық шағын несие алған азаматтар да қатысты. Биыл үшінші мегаполисте 426 грант беру жоспарланып отыр. Алғашқы лек конкурсы сәуір айында өтеді деп жоспарланған. Ал берілетін қаржы көлемі 400 АЕК құрайды.