8 наурыз халықаралық әйелдер күні жақындаған сайын, оған дайындық та қыза түскендей. Әсіресе гүл сататын орындарда халық көп. Тіпті гүлдер павильонында аяқ алып жүре алмайсың. Өйткені, жанға жылу сыйлайтын әрбір адам, құшағына шоқ-шоқ гүлдерін алып, жанына жақын жандарды қуантуға асығады. Бұл жылдағы дәстүр. Биыл гүлдердің бағасы қанша тұрады? Кімге қандай гүл сыйлайды?
Мереке қарсаңында гүл дүкендерінде қарбалас күшейеді. Әсіресе көктемнің шуақты мерекелері жақындаған сайын тұрғындар жақындарына қуаныш сыйлау үшін гүл таңдауға асығады. Раушан, қызғалдақ, лалагүл сынды әсем гүлдерге сұраныс бұл күндері әдеттегіден әлдеқайда жоғары болады. Мәселен, қызғалдақтың бағасы 700-600 теңгеден басталады. Ал раушан гүлдері 1000 теңгеден саудаланып жатыр.
ӘЛІШЕР МЕРПОЛАТОВ, ГҮЛ САТУШЫ: «Раушангүлге сұраныс аз, ал қызғалдаққа көп. Көктемнің гүлі, жаңалық. Мен гүлді анама, әйеліме сыйлаймын. Сосын сатып жіберемін. Алып келеді, туған күнге әкелген гүлдерді алып сатып жіберемін. Күндігіне 5-6 адам алып келеді. Мысалы 10 мың теңгенің гүлін жарты бағасына аламыз ғой. Оны баптап, қайттан сатып жібереміз».
Сатушылардың айтуынша, мереке алдында гүл бағасы мен түріне қарамастан, сатып алушылар қатары көбейеді. Көпшілік аналарына, жұбайларына, әпке-қарындастарына немесе әріптестеріне гүл сыйлап, ізгі тілегін жеткізуді дәстүрге айналдырған.
БЕКСҰЛТАН ЖҮРСІНБЕК, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Анама, әпкеме сыйлаймын. Анама роза, әпкеме қызғалдақ сыйлаймын. Мамама гүл сыйлаймын. Жүріп жүрген қызыма сыйлаймын. Анама роза, әпкеме қызғалдақ. Себебі анам сұлу болғаны үшін, ал әпкем мейірімді болғаны үшін қызғалдақ беремін».
ІҢКӘР БИБОСЫНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Анам басқа қалада болған соң, соған барған сайын гүл алып барамын. Әжемді қуанту үшін гүл беремін. Бағасына келсек, бәрі жақсы. Мереке қарсаңында бағасы көтеріледі ғой».
АСЫЛАЙ АСЫЛХАНҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Бұл гүлді апайымызға алып жатырмыз. Сегіз мың теңге тұрады. Былтыр 15 мың теңгеге алған едік».
Гүл сыйластық пен құрметтің белгісі. Сондықтан мереке күндері гүл сыйлау тек әдемі дәстүр ғана емес, жақын жандарға көңіл бөліп, қуаныш сыйлаудың бір жолы. Ал гүл дүкендерінің иелері бұл күндері тапсырыстар саны бірнеше есеге артатынын айтады. Тіпті, бір күнде 2000-3000 мыңға жуық дана гүл сатылады екен. Осылайша мереке қарсаңында гүл саудасы қыза түссе, қыздар мен аналардың, ақ жаулықты әжелердің құшағы гүлге толады.
Нұргүл Жолымбетова






