Мектеп мұғалімі сабаққа ұлттық киіммен келген оқушыларға қысым көрсеткен

799

Мақтаарал ауданында мектеп мұғалімі сабаққа ұлттық киіммен келген оқушыларға психологиялық қысым көрсеткен. Педагог сабақ үстінде оқушыларға ою-өрнегі бар жилетті шешуге мәжбүрлеген.

(Видеодан кадр)

Мектептегі сәттің видеосы Telegram-да жарияланды. Онда мұғалімге шағымданған оқушы еңкілдеп жылап, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына келген.

Осы сәтте оқушы қызға басу айтқан директор орынбасары оны сынып кабинетіне алып келіп, пән мұғаліміне есерту жасайды.

«Апай, не болды? Тиіспей-ақ қойыңызшы оқушыларға. Шешпеңдер, тыныш отырыңдар! Оқушыларға қысым жасай бермеңіз, апай. Мен сізге айтып тұрмын, неге тегі мәмілеге келмейсіз. Қазір ораза. Ұрыспай-ақ қояйық, Тамара апай… «Жилетіңде шеш» деп оқушыларды сабаққа кіргізбей отыр. Киіп алыңдар. Қазір мереке, Наурыз мерекесі»,-дейді директор орынбасары.

Видеода пән мұғалімі балалар сыныпта ақ көйлекпен отыру керектігін, ою-өрнекті жилетті шешу керек деп айтқанын жоққа шығармайды.

Мұғалім мен «завуч» арасындағы әңгіме соңы жанжалға ұрысқанын байқауға болады. Себебі педагогтар мәселені шешу үшін сабақ үстінде сынып алдындағы дәлізге шығып, ары қарай жанжалдасады.

Түркістан облыстық білім басқармасындағылар бұл оқиға Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың бақылауында екенін айтты. Ал видеодағы мұғалім тарапынан қысым көрген оқушы қызға педагог-психологтардан қажетті психологиялық қолдау көрсетілген.

«Қазіргі таңда жағдайды жан-жақты зерделеу үшін Түркістан облысының білім басқармасы мен білім сапасын қамтамасыз ету департаменті өкілдерінен тұратын арнайы комиссия құрылды. Тексеру нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы аясында тиісті шаралар қабылданады» деп мәлімдеді басқармадан.

Мектептегі бұл жайтты аудандық полиция бөлімі тіркеуге алған. Тиісті тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатыр.