Шымкентте өз балаларына 5,4 млн теңгеден астам берешегі бар әкеге 1 жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды.
Қалалық прокуратура мәліметінше, ер кісі балаларын асырау үшін алимент төлеуден жылдар бойы жалтарып жүрген. Салдарынан кәмелет жасына толмаған ұлы мен қызы іс жүзінде күнкөріссіз қалған.
Прокуратура актісінің негізінде полиция оның үстінен Қылмыстық кодекстің 139-бабымен (Балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау, еңбекке қабілетсіз ата-аналарын, еңбекке қабілетсіз жұбайын (зайыбын) күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеуден жалтару) іс қозғап, сотқа жіберді.
Жалпы прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде 47 борышкер әкімшілік жауаптылыққа тартылған болатын. 5 борышкерге қатысты үкім оқылып, тиісті жазалар тағайындалды. 52 млн теңгенің алимент берешегі өндірілді.
Қала прокуратурасы алимент төлемегені үшін әкімшілік және 2 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін қылмыстық жауптылық қарастырылғанын ескертеді.