Былтыр Шымкентте скринингтік зерттеу нәтижесінде 13 мыңнан астам адамның ауруы ерте сатысында анықталды. МӘМС шеңберінде жүзеге асырылатын тегін медициналық тексеру оның ішінде 4297 әйелде сүт безі мен жатыр мойны обырын ерте анықтауға мүмкіндік берген. 7 жарым мыңға жуық азаматта қан айналымы жүйесінің аурулары және 2 мыңға жуық шымкенттікте қант диабеті мен глаукома дерті, тоқ ішектің қатерлігі ісігі белгілі болған. Дәрігерлер скринингтің көмегімен ауруды ерте анықтап, оның асқынуының алдын-алды.
Халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында МӘМС жүйесінде скринингтік тексеруге ерекше мән берілген. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Сәбит Құралбек медициналық мекемелерді аралау барысында дәрігерлерге бұл бағытта талаптың жоғары екендігін де жеткізуде. Филиал басшысы қалалық №8 емхананы аралауында ақ желеңділердің скрининг бойынша атқарып жатқан жұмыстарымен танысып, тұрғындармен сөйлесті.
Аталмыш емханаға тіркелген халық саны 31 мыңнан астам. Науқастарға күндізгі стационарда ем көрсетуге 20 төсек орын қарастырылған. Дәрігерлердің айтуынша, МӘМС жүйесі енгізілгелі емдеу мекемесінің медициналық техникасы да едәуір жақсарған. Бұл өз кезегінде скринингтік тексерулерді жүргізуде өз нәтижесін беруде. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Сәбит Құралбек аралау барысында есепте тұрған науқастарға тегін дәрі-дәрмектердің босатылуын, дәрігерге дейінгі кабинет қызметі, консультативті-диагностикалық қызмет пен профилатикалық тексеру шараларын да бақылады. Қызмет сапасын жақсарту мәселесі бойынша емхана басшылығына бірқатар ұсыныстар айтылды.