Шымкент гарнизонының әскери қызметшілері өз-өзіне қол жұмсау және тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің алдын алу, сондай-ақ құмар ойындарға әуестенген әскери қызметшілерді анықтауға арналған семинар-тренингке қатысты. Шақырылған сарапшылар ерекше назар аударуды қажет ететін негізгі аспектілер және жағдайлармен бөлісіп, тыңдаушылардың сұрақтарына жауап берді.
Семинар Шымкент гарнизонының әскери прокуроры әділет полковнигі Ғалымжан Маханбетовтың бастауымен ұйымдастырылды. Оның жетекшілігімен әскери бөлімдердің, бөлімшелердің командирлері мен мекеме басшылары, тәрбиешілер мен психологтар, сондай-ақ әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыс жасау қызметінің өкілдері психологиялық қиындықтарға тап болған әскерилерді ерте анықтау стратегияларымен және оларға уақытылы көмек көрсету маңыздылығымен танысты.
Семинар барысында мамандар әскери орта жағдайында суицид пен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудың негізгі аспектілерін атап өтті. Ықтимал қауіптерді білдіретін факторлар, белгілер мен мінез-құлықтағы өзгерістер қарастырылды.
Ведомствоаралық «Өмірді сақта» бағдарламасы аясында өткізілген іс-шарада әскери қызметшілердегі депрессия, мазасыздық және күйзеліс белгілеріне қарсысалыстырым жасауға ерекше назар аударылды.
Спикерлер ретінде: психология ғылымдарының кандидаты, «INNOVATION PSYCHOLOGY» республикалық қоғамдық қорының төрағасы Гүлжан Вероцкая, «Ренесанс» халықаралық наркологиялық оңалту орталығы бағдарламасы басшысының орынбасары, психолог, психотерапевт, аддиктолог Александр Рущук, сарапшы-психолог Гүлпари Қарымсақова, сарапшы-психиатр Райхан Айекеева және М.Әуезов атындағы ОҚУ «Жалпы педагогика және психология» кафедрасының оқытушысы Ахатбай Алдиев.
Психология ғылымдарының кандидаты Гүлжан Вероцкая адамның өз-өзіне қол жұмсауын анықтауға болатын себептерге кеңінен тоқталды. Арнайы дайындалған слайдтарды пайдалана отырып, баяндамашы аутодеструктивті көңіл-күйдің пайда болуының алдын алу жолдары және олардың болуының негізгі белгілері туралы егжей-тегжейлі айтты. Сондай-ақ қайғылы жағдай орын алған отбасы мүшелеріне психологиялық оңалту және психологиялық көмек көрсету бойынша атқарылптын жұмыстар туралы ақпаратпен бөлісті.
— Психикалық ауыруы бар адамдар ғана өз-өзіне қол жұмсайды деген қате пікір. Суицид жасайтындар көбіне білімді, әлеуметтік жағдайы жақсы адамдар, олар эмоционалды күйзеліске төтеп бере алмады. Мұндай жағдайларда сіздер онымен сөйлесіп, оның эмоциялары мен сезімдерін төмендетпей, тыңдап, дереу білікті көмекке жүгінуіңіз керек, — деп атап өтті Гүлжан Вероцкая.
Елімізде өте сирек кездесетін маман, тәуелділіктің себептерін зерттейтін Александр Рущук қоғамдағы құмар ойындар мәселесіне кеңінен тоқталды.
— Сүйікті адамнан емделуді қажет ететін құмар ойынға тәуелді адамды көру өте қиын, бұл тек қана тәуелділікке айналған кезде ғана мойындалады. Бұл мәселеге қарсы тұру үшін, адам бірінші кезекте өзінің ішкі тыныштығын нығайтып және отбасымен дұрыс байланыс құру қажет. Себебі, мұндай жағдайға тап болған адамдар, өздерінің кімге шынымен де керек екенін ұмытып кетеді, — деп атап өтті Александр.
Шешілмеген жанжалдар мен эмоционалдық шиеленіс кезінде адам зорлық-зомбылықты тек өзіне ғана емес, жақындарына да бағыттай алады. Шымкент гарнизонының әскери прокуроры әділет полковнигі Ғалымжан Маханбетов күнделікті өмірде бұл құбылыстың алдын алу жөнінде жан-жақты айтып берді. Әкімшілік заңнамадағы соңғы өзгерістерге сәйкес, отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтар өтініш негізде емес, анықтау негізінде тіркелетінін атап өтті. Яғни, әкімшілік іс қозғау үшін бұдан былай жәбірленушіден арыз талап етілмейді, тек тәртіп сақшысына құқық бұзушылық фактісін тіркеуге алу ғана қажет.
Семинардың қорытынды бөлімінде қатысушылар адамның өмірінде проблеманың әр-қашан болатынын түсіндіруге бағытталған практикалық жаттығуға қатысты. Ал профилактикалық жұмыстардың мүмкіндіктерін кеңейту үшін барлық қатысушыларға әскери қызметкерлердің психикалық денсаулығын нығайтудың озық тәжірибелері мен инновациялық тәсілдері ұсынылды.