Шымкентте ұлттық спорт күні жоғары деңгейде аталып өтті

54

Шымкентте ұлттық спорт күнінде ондаған ойын түрінен жарыс өтті. Мегаполистің бозбалалары мен бойжеткендері жүзден жүйрек атану үшін барын салды. Қалалық ипподромда көкпар, теңге ілу, садақ ату, бәйге секілді ұлттық ойындарда жастар қомақты жүлдені сарапқа салды. Қыз қууда бойжеткенді қуып жеткендер де және қыздардың қамшысының астында қалғандар да болды.

Азат Түлкібай Айғасқа атты оқтай жылдам тұлпарымен қыз қууда бойжеткенді қуып жете алатынына нық сенімді. Бозбала аттың жылдамдығы, жігіттің ептілігі мен батылдығы сынға түсетін сайыста намысты қолдан бермейтінін айтады.

Дегенмен бойжеткенді қуып жетіп, құшағына алып, дегеніне жеткен бозабаланы келесі айналымда қыз да аяп қалмады. Тұлпарымен жігітке ілесіп жетіп, қамшының астына алды.

22 жастағы Азат Түлкібай теңге ілу сайысында да көзге түсті. Өзгелерден оқ бойы озық болған жігіт бірніші айналымда 5 теңгені толық іліп әкетсе, екіншіде төртеуін қанжығаға байлап, үздік атанды.

«Біріншісінде 5 теңге ілдім, өзім қуаныштымын. Жаттығуларда дайындалып жүрген әдістерімді қолдандым. Екінші айналымда атым түйеден ба, жалаулардан ба үркіді. Сол себепті төрешілер маған үшінші мүмкіндік берді. Үшінші мәрте қолдан келгенше 5 теңгенің төртеуін ілдік қой», — дейді жарыс қатысушысы Азат Түлкібай.

Ұлттық ойындардың іріктеу ойындары 19 наурыз күні өткен. Бүгін көкпардың ақтық сынында 4 команда жүлдені ортаға салса, қыз қууға 3 жұп қатысты.

«Біздің Шымкент қаласының ипподром атшабарында ұлттық спорт түрлерінен спортшыларымыз ашық қалалық турнирге қатысады. Теңге ілу, бәйге, көкпар, садақ ату спорт түрлеріне шымкент қаласының спорт мектептерінің оқушылары қатысуда», — деді Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбеков.

Шымкентте ұлттық спорт күні жоғары деңгейде аталып өтті. Ал жарыс жеңімпаздары 22 наурызда Астана алаңында өтетін әз-Наурыздың басты іс-шарасында марапатталады.