Жетісайда шаруалар ағын судың текше метріне бірнеше есе артық ақша төлеп келген

37

Жетісай ауданында 12 мыңнан астам шаруа қожалығы енді егістікке қажетті ағын суды арзан бағада тұтынады. Себебі өзекті мәселеге аудандық прокуратура араласып, заңдылығын қалпына келтірудің арқасында арадағы делдалдық қызметтерді атқарып келген өндірістік кооперативтердің жұмысы тоқтатылды.

Тексеру барысында қожалықтарға суды тарататын «Қазсушар» мекемесі 68 өндірістік кооперативпен негізсіз келісімшартқа тұрғаны анықталған. Салдарынан, шаруалар ағын судың текше метріне 740 теңге төлеудің орнына 5 мыңнан 13 мың теңгеге дейін артық ақша төлеп келіпті. Ал биылдан бастап шаруалар судың текше метріне қайтадан 740 теңгеден төлейді.

«Мәселе Су комитетімен шешімін тапты. Бұдан былай шаруалар тікелей «Қазсушар» мекемесімен тікелей келісімшартқа отыру арқылы бұрын кооперативтерге ортада беріп жүрген ақшаларын өздері үнемдейді«, — деді Жетісай ауданының прокуроры Айдархан Жүнісбеков.