Úı ANONS Айлықты артығымен төлеп келген

Айлықты артығымен төлеп келген

Шымкентте миллиардтаған қаржыға қатысты заңбұзушылықтар анықталды. Аудит барысында білім, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет салаларындағы мекемелер тексеріліп, 43 миллиард теңгеден астам қаржылық және рәсімдік заңбұзушылық белгілі болды. Негізсіз төленген еңбекақы, күмәнді төлемдер, мемлекеттік сатып алудағы олқылықтар. Қанша қаржы мемлекетке қайтарылды? Кімдер жауапкершілікке тартылды? Шымкенттегі аудиторлық тексерудің шуы — бүгінгі шығарылымда.

 

Шымкентте қалалық білім  басқармасы, денсаулық сақтау басқамасы, дене шынықтыру және спорт басқармасы, мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына аудиттік тексеріс жүргізілді. Бұл туралы қалалық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды.  Шымкент қаласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Бақберген Құралбаевтың мәлімдеуінше, биылғы жылдың алғашқы үш айында жоспарлы және жоспардан тыс өткен 19 аудиттік тексеру кезінде жалпы соммасы 43 миллиард  теңгеден асатын заң бұзу дерегі анықталған.

 

БАҚБЕРГЕН ҚҰРАЛБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ІШКІ МЕМЛЕКЕТТІК АУДИТ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Атап айтқанда, оның 14,3 млрд теңгесі — қаржылық бұзушылықтарға қатысты. Атап айтқанда бюджетке өтелуге жататын сома — 203,7 млн теңге. Құрылыс саласындағы орындалмаған жұмыстарды қалпына келтіруге 13,4 млрд теңге, бухгалтерлік есеп арқылы қалпына келтіруге 674,5 млн теңге,  рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар көлемі 29 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде мемлекеттік сатып алу заңнамасын бұзу деректері 28,9 млрд теңге».

 

Жалпы жүргізілген 19 аудиттің 14-інде қаржылық заңбұзушылық анықталған. Көп жағдайда бюджет қаржысы негізсіз пайдаланылған. Заңсыз пайдаланылған ақшаның 90 пайызға жуығы қалпына келтірілген. Ал мұндай құқықбұзушылыққа барған қызметкерлерге шара қолданылған. Атап айтқанда, 7 лауазымды қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Екі қызметкер әкімшілік жаза алып, 432 мың теңге айыппұл арқалаған. 3 аудит материалы бойынша қылмыстық іс ашылып, тергеу басталған.

 

БАҚБЕРГЕН ҚҰРАЛБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ІШКІ МЕМЛЕКЕТТІК АУДИТ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Ал енді тәуекелге ден қою шараларына келсек тәуекелдерді басқару жүйесін пайдалана отырып мемлекеттік мекемелердің жыл қорытындысы бойынша ең қауіпті төлем дері туралы жинақталған ақпаратқа сәйкес Шымкент қаласының құрылыс басқармасы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, цифрландыру басқармасына 106  төлем қамтылып, 64-і бойынша қауіп расталды».

 

Мониторинг төрт салада бірдей жүргізілген. Жалпы соммасы 3 жүз миллион теңгеге жуықтайтын 9 жүзден аса тәуекелді төлем анықталған. Оның 12 миллион теңгеге жуығы негізсіз артық еңбекақы төлеумен байланысты.

Дилара Иса