«ФудМастер — Шымкент» зауытында жаңа тазарту қондырғылары 2027 жылдың басында іске қосылады. Көксәйек ауылындағы жағдайға байланысты компания ресми жауап берді. Оған сүйенсек, зертханалық тексерістер ағын судан ешқандай қауіп таппаған. Ал су төгу жұмыстары құзырлы органның рұқсатымен, арнайы бекітілген жерде жүріп жатыр.
Негізі, зауытта тазарту жүйесінің құрылысы 2021 жылы басталған екен. Бұл — заманауи әрі көпсатылы жоба. Компания оған 1 миллиард 760 миллион теңге жұмсамақ. Қазір бұл қаржының жартысына жуығы игерілді. Алдағы уақытта суды механикалық, биологиялық және химиялық тәсілмен тазартатын құрылғылар кезең-кезеңімен орнатылады.
ӘБДІҒАЛИ СҰЛТАН, «ФУДМАСТЕР – ШЫМКЕНТ» ЗАУЫТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: «Бұл стандарттан тыс шешімді қажет ететін күрделі жоба. Біз әртүрлі нұсқаларды мұқият зерттедік, соның ішінде ең жақсысына тоқталдық. Ол – ағынды суларды тазарту жүйесі. Жоба Еуропада және бүкіл әлемде ағынды суларды тазарту қондырғыларын пайдалану және оларға қызмет көрсету бойынша технологиялық шешімдер мен қызметтердің авторы саналатын, 115 жылдық тәжірибесі бар «Nijhuis Water Technology b.v.» компаниясы әзірлеген технология негізінде жасалған. Бұл компанияның жабдықтары қазір кәсіпорынға жеткізілді, орнату жұмыстарына дайын. Қазіргі уақытта өндірістік ағындарды тазартуға арналған негізгі технологиялық жабдықтарға орталағыш пен ғимарат салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Болашақта «Аэротенк» және «Ағартқыш» биологиялық тазарту резервуарларының құрылысы іске асады. Құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтау және жергілікті тазарту құрылыстарын іске қосу 2027 жылдың қаңтарына жоспарланған»
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Көксәйек ауылының тұрғындары кәсіпорыннан шыққан қалдық егін суаратын арнаға төгілетінін айтып шағымданған болатын. Желгілікті дихандар сөзінше осы былғанған суды қолданған соң егістік өнім бермей, шығынға ұшыраған
Ботакөз Әнуар






