1 айлық міндетті мүлтіксіз атқарған құтқарушылар Шымкентке оралды

35

Тасқын судан зардап шеккен Ақмола облысына көмекке кеткен құтқарушылар өз отбасына оралды. Осыдан 1 айға жуық уақыт бұрын 40 маман солтүстік өңірге аттанған еді. Енді, міне, өздеріне артылған жұмысты мүлтіксіз орындап, Шымкентте қайтып келді.

Тасқын судан зардап шеккен Ақмола облысына көмек көрсетуге аттанған Шымкенттік жедел құтқару жасағы араға 26 күн салып, туған жерге оралды. 27 наурыз күні солтүстік өңірге жолға шыққан 40 жеке құрам мүшесі су арналарын нығайту үшін 21 мыңнан аса қап төсеген. Өз міндетін мүлтіксіз орындаған Әліби Каденов 10-ға тарта ауылда тынымсыз еңбек еткендерін айтады.

«Бізге берілген міндет 4 аудан мен 10-ға тарта ауылды, әсіресе, Есіл өзені өткен жерлердегі дамбыны нығайту. Сонымен қатар, қапқа құм толтыру, ауыл үйлерін қорғап, азаматтарды қауіпсіз аймаққа шығару еді. Сонымен қатар 2 стратегиялық аймақты қорғадық. Әрине жұмыс оғай болған жоқ. Бірақ жігіттер үздіксіз жұмыс істеді», — дейді өрт сөндіру жедел кезекшісінің орынбасары Әліби Каденов.

Иә, құтқарушы жігіттер апатты аймақта 24 сағат бойы қызмет етті. Отандастарының амандығы үшін аянбаған батырлар бұл азаматтық парызымыз дейді. 10 жылдан бері осы салада жұмыс істеп келе жатқан Үсен Рахматуллаев сондағы тұрғындар алғысының өзі күш-қуат бергенін жеткізді.

«Ерослава ауылында 2009 жылғы жасөсіпрім бала қант диабетімен ауырады екен. Инсулині таусылғанына байланысты бергі бетке өткізу керек болды. Онда 3 шақырым жол судың астында қалған. Сондықтан баланы қайықпен алып шығып, әкімшілікке әкеліп тапсырдық. Алғыстары шексіз болды. Эмоциясын көрсетіп жатты. Кейбіреулері көз жасына ерік беріп, жылап жатқаны да болды», — дейді Шымкент қаласы жедел құтқару жасағының құтқарушысы Үсен Рахматуллаев.

1 айға жуық отбасынан жырақта жүрген құтқарушылар ата-ана, балаларымен кездесіп, мәз-мейрам күйге енді. Тіпті әкесін сағынған балақайлар көз жастарына ерік беріп жатты. №1 өрт сөндіру бөлімінің маманы Батырхан Спаевтің жары отағасының тілеуін тілеп отырдық дейді.

«Біз ол кісілер үшін мақтанамыз. Мақтан тұnамыз. Бала-шағамызбен асыға күттік. Аман-есен туған жерге оралды. Дені сау, аман барып келсін деп отырамыз. Бұған дейін де Астанаға барды. Басқа да апат болған жерге көмекке көп баратын. 10 жыл ішінде біраp жерге барып, қол ұшын созды. Отағасымен мақтанамыз», — дейді құтқарушы Батырхан Спаевтың жары Мадина Жолшиева.

Тәулік бойы су тасқынына қарсы жұмыс жүргізіп, апатты аймақты 100 мың текше метр судан арылтқан жандарға Шымкент қаласы ТЖД бастығы өз алғысын жеткізді.

«Сіздер барып Ақмола облысында үлкен жұмыс атқарып келдіңіздер. Сіздерге алғысым шексіз. Аман болыңыздар. Әрқашан жақсылықпен қызмет атқара берейік, рақмет!», — дейді Шымкент қаласы ТЖД бастығы Қуанар Базарбаев.

Ақмола облысына көмек көрсеткен құтқарушыларға өңір басшысы алғыс хат табыстаған. Ал елге оралған төтенше жағдайлар қызметкерлері 3 күн демалыстан кейін, өз жұмысына қайта кірісетін болады.