Бүгін су тасқыны болған аймаққа Түркістаннан тағы 200 тоннаға жуық гуманитарлық көмек керуені жолға шықты. Онымен бірге 50 ерікті жас көмек көрсету үшін аттанды. Жастар су тасқыны салдарын жою, ұйымдастыру жұмысына жәрдем береді.
«Жүректен жүрекке» акция аясында облыстық этномәдени бірлестіктері атынан 5 жүк көлік гуманитарлық көмек су басқан аймақтарға жіберілді. Оларға негізінен азық-түлік, көрпе-төсек, киім-кешек және құрылыс материалдары артылған.
Сарманбай САПАРОВ, Түркістан облыстық түрік этномәдени орталығының басшысы:
«Біз қиын күндерде әрқашан халқымыздың жанындамыз. Елімізде енді мұндай жағдай болмасын. Бірлік болса, тірлік болады дейді. Сондықтан әрқашан біргеміз.»
Су басқан аймаққа көмек көрсетуде кәсіпкерлер де тыс қалып жатқан жоқ. Облыс орталығында орналасқан «Экобазарда» өңірлік кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен гуманитарлық көмек пункті ашылған.
Аслан ИБАДУЛЛАЕВ, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры:
«Қазір барлық аудандағы кәсіпкерлік палатасы тарапынан қабылдау пунктер ашылды. Және «Күшіміз бірлікте» деген қоғамдық қорымыз бар. Сол қорға да қаражат жиналып жатыр. Және де іскер әйелдер кеңесінің мүшелері бірінші кезекте көмек қолын созды».
Ал Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев күрделі жағдай кезінде көмек қолын созған облыс тұрғындарына, кәсіпкерлеріне, жастарына, өңірдегі Ассамблея мүшелеріне, этномәдени бірлестіктерге алғыс білдірді.
Бейсенбай ТӘЖІБАЕВ, Түркістан облысы әкімінің орынбасары
«Кезінде бізде де осындай жағдайлар болды білесіздер. Арыста, Мақтааралда қиын жағдай орын алды. Сол кезде еліміздің барлық облысынан тұрақты түрде көмек келіп жатты. Бұл ешқандай қарызды қайтару емес. Адамгершілік және адамзаттық парызымыз. Бұны да бірлікте атқарамыз деп сенеміз. Бәріңізге алғыс айтамыз».
Айта кетейік, Су тасқыны болған уақыттан бері өңірден Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау облыстарына 371 тонна гуманитарлық көмек жөнелтіліп, еріктілер көмекке барды. Және 150-ден астам кәсіби құтқарушы су тасқынының алдын алу жұмысына атсалысып жатыр.