40 жасында дүниеге үшем әкелді

41

Шымкентте 40 жастағы келіншек үшем туды. Түркістан облысы Бәйдібек ауданының тұрғыны шекесі торсықтай 3 ұл баланы дүниеге әкелді. Батыр ана бүгін үйіне шығарылды. Көпбалалы отбасының қуанышын арна тілшісі де бөлісіп қайтты.

Жансауле Доспанова – 40 жасында дүниеге үшем әкелген батыр ана. Шекесі торсықтай үш бірдей ұлға жарық өмір сыйлаған келіншек бүгінде 8 баланың анасы атанды. Үшемге туыстары Нариман, Нұриман және Нұрман есімдерін қойған. Көпбалалы ана үшем босанатынын алғаш естіген кезде қобалжу мен қуаныш сезімінің қатар болғанын айтады.

Жансауле Доспанова, үшемнің анасы: «Жүктіліктің 1 айында ақ білдім. Ол кезде өзім денсаулығыма байланысты УДЗ-ға түскен едім. Сол кезде айтылды. Өте қуанышты болдық. Қуандық»

Жаңа туған нәрестелерді перзентханадан жақындары мен туыстары әуезді әнмен және шашумен шығарып алды. Қуанышқа бөленіп отырған отбасы «5 балалы болған соң, сәбилі болуды жоспарламай жүрген едік» дейді. Күтпеген жерден дүниеге келеген үшем мерзімінен бұрын дүние есігін ашқан. Нәрестелер жансақтау бөлімі мамандарының ерекше күтімінде болыпты.

Эльмира Қожахметова, №2 облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері: «Перинаталдық орталығында айына жетпей 33 аптасында дүниеге келді. Нәрестелердің салмағы 1990 гр, 1975 гр және 1728 грамм болды. Бүгінде бәрі жақсы, аналарының сүтін ішеді. Мамасымен бірге үйіне шығарып салып жатырмыз»

Айта кетейік, №2 облыстық перинаталдық орталықта жыл басынан бері 24 егіз бен 1 үшем дүниеге келген.