Республикалық «Таза Қазақстан» акциясының бүгінгі күні Абай ауданынан басталды. Науқанға экобелсенділерден бастап, қарияларға дейін қатысты. Олар аулаларды, жер асты және жол үсті жүргіншілер жолдарын, аялдамаларды тазалады.
Бүгін Шымкентте «Таза Қазақстан» акциясы Абай ауданынан басталды. Таңмен таласа аулаларды жинап, күл қоқыстан тазартуға белсене қатысқандар қарасы қалың. Мәселен 50 жасты еңсерген мына тұрғын аялдамаларды бояумен айналысып жүр.
«Мұндай шаралар жылда болып тұрғаны жақсы. Соның арқасында қаламыз гүлденеді. Акцияға ауылдағылар шығып жатыр. Мектептен де келіп жатыр», — дейді Шымкент қаласының тұрғыны Ықтияр Жандаров.
Жалпы республикалық шарада жастар да белсенділік танытып жатыр. Олар ауданның орталық жолдар бойын ретке келтіріп, демалыс орындарын сырлау және сәндік ағаштар отырғызуға атсалысып жүр.
«Қаланың таза болғаны өзімізге жақсы, денсаулыққа жақсы. Өзің қалада жүргенде де ыңғайлы таза жерде жүргенің. Оның үстіне балаларға да алаңдамайсың. Мына шөптердің ішінде шиша болуы мүмкін, басқа заттар болуы мүмкін, құласа үстін жаралап алады. Сондай болмас үшін тазалаған дұрыс», — дейді студент Нұрсұлтан Ғалымжанұлы.
Асар шағынауданында экологиялық акцияға 500-ге тарта адам қатысты. Оның ішінде қоғам белсенділері, ақсақалдар мен әкімдік қызметкерлері бар. Кәсіпкер Нұргүл Қобланова мұндай сенбіліктердің бала тәрбиесіне берер әсері зор екенін айтады.
«Бүгінгі сенбілік акция тек тазалық емес, бірлік пен еңбекті де қамтитын құндылық. Шараға қариялар, жастар, жасөспірімдер атсалысып жатыр. Мұндай тазалық акцияларын күнде үй алдымызда, шарбағымызда өткізсек. Бұл жастарға үлгі тәрбие болар еді», — дейді кәсіпкер Нұргүл Қобланова.
Сонымен қатар, науқанға «Шымсити», «Тұран», «Асар» және өзге де іргелес шағын аудан тұрғындары қатысты. Қатысушылар аулаларды, жер асты және жол үсті жүргіншілер жолдарын, аялдамаларды тазалау және абаттандыру жұмыстарын жүргізді.