Шымкентте әлеуметтік «Мұғалім» қойылымы жарыққа шықты. Мұнда қазіргі жастар мен ұстаз мәртебесі көтерілген. Жаңа туынды 6 ай көлемінде үлкен сахнаға әзірленіпті.
Шымкентте әлеуметтік драманың тұсауы кесілді. Қойылым қазіргі жастардың өмірі мен қоғамдағы болып жатқан мәселені қаузайды. Жаңа туындының бас кейіпкері ұстаз- Айдана Айдарбекқызы. Ал оны сомдаған 23 жастағы жас актриса — Аружан Назар. Театр ұжымына қосылғанына 6 ай ғана болған ол бұл роль үшін бірнеше ай қосымша білім беру саласында жұмыс істеп көргенін айтады.
«Басты роль мұғалімнің ролінде ойнайтын болдым. Әрине менің жасым 23-те, спектакль бойынша мұғалімнің жасы 30-дан асқан ересек әйел негізі. Бірақ өзін жас көрсететін, білімді, шетелде оқып келген, көзі ашы, көкірегі ояу кейіпкерлердің бірі. Кішкентай қыздан, үлкен әйелдің роліне өту оңай болды деп айта алмаймын. Ол үшін біраз іздендім. Осының арқасында қоржынымда тағы бір роль. Аллаға шүкір», — дейді Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрының актрисасы Аружан Назар.
Ал оқушы Іңкәрды 3 жылдық тәжірибесі бар ару Әсел Ілияс сомдады. Ерке, қырсық жасөспірімнің бейнесін қалыптастыру үшін актриса жастық шаққа саяхат жасағанын жеткізді. Тіпті өзінің жан дүниесіне келетін қыздың ролін ойнау қиындық соқтырмады дейді.
«Қыз еркін өскен, өте ерке. Анасы бүкіл барын сол қызға берген. Маған бұйырғаны шетелге барғысы келетін, Парижді армандайтын ерекше қияли қыздың ролі. Маған өте жаныма жақын болды. Өзімнің де мінездерім сол кейіпкерімде бар. Ешқандай қиыншылық болған жоқ. Адамдардың кешегі айтып жатқан пікіріне қарасақ ұнаған сияқты. Жылы лебізін білдіріп жатыр. Анамен жеке қалатын сәттер, жүрекке тиетін сөздер бар. Жалпы ролім өзіме қатты ұнады. Бұрын-соңды мұндай қыздың ролін ойнап көрмеген едім. Керемет тәжірибе болды», -дейді Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрының актрисасы Әсел Ілияс.
«Мұғалім» қойылымы 6 ай көлемінде үлкен сахнаға әзірленген. Шығарма режиссеры ұстаз бейнесі арқылы қазіргі педагогтың қоғамдағы орнын көрсетуді мақсат тұтқанын айтады. Сонымен қатар жастардың жан дүиесін қалың көрерменге паш еткен.
«Бұл Қолғанаттың жақсы шығармасының бірі болды. Өйткені бұл қазіргі заманға байланысты маңызды деп айтуға болады. Бұл жерде мұғалімді де тыңдау керек, ата-ана да баламен де жұмыс істеу керек. Осы мәселені көбірек көтердік. Өйткені ата-ана баламен шындықты айтып, таза өмірдің не екенін түсіндіру керек», — дейді қоюшы режиссер Ғазиз Арын.
Премьера Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрында 3 күн бойы өткізіледі деп жоспарланған. Ал одан кейін ұжым мүшелері жаңа қойылыммен аудан-қалаларға гастрольге шықпақ.