Шымкентте қаңғыбас ит-мысықтарды аулау бойынша айына 400-ге жуық шақырту түседі. Ал оларды аулау жұмысымен тек 4 бригада айналысады. Жауаптылар мұның жеткіліксіз екенін айтады. Қазір қаңғыбас жануарлар көбейіп, тіпті тәлімбаққа сыймай жатқан көрінеді.
Бұл көпқабатты тұрғын үйдің бейнебақылау камерасына түсіп қалған жағдай. Нұрсәт-1 шағынауданының тұрғындары мұндай жайт бірнеше рет орын алғанын айтады. Қаңғыбас иттер тіпті үйдің айналасын иеленіп алған. Мұндағылар балаларды сабаққа жіберуге немесе есіктің алдына шығаруға қорқады екен. Сөздерінше, қаңғыбас ит-мысықтар есіктің алдын күзетіп жатады.
«Қоқыс жаққа жиналады. Содан келіп, мына есіктің алдына балалар жүретін жерге келіп, жатып алады. Иттер тіпті көбейіп кетті. Мысықтар да көбейіп кетті, жертөле тола мысықтар. Иттер жаман, көршіміздің қызын тістеп ала жаздады. Осы жерде жатады, қусаң кетпейді. Не атып өлтіре алмаймыз. Талдарды сындырып, бұтақтарын сындырып кетіп жатыр. Мына торды да иттер құртты, үлкен-үлкен иттер келіп, кез келген жерден кіріп кетеді», — дейді тұрғын Құрманәлі Қазанғапов.
Ал қалалық ветеринария басқармасының өкілдері жұмыс істеп жатырмыз дейді. Сөздерінше, қазір көктем мезгілі болғандықтан қаңғыбас ит-мысықтар көбейген. Дегенмен оларды аулау жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп жатыр. Тұрғындардан шақырту түскен кезде дереу жетеміз деген мамандар, ит-мысық ауланған аймақтар бірден бақылауға алынатынын жеткізді
Ерлан Әденов, Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы: «1-сәуірден бастап Нұрсәт шағынауданынан бізге өтінім келіп түскен болатын, WhatsApp желісі арқылы. Видеоматериал келіп түскен сәттен бастап, №3 аулау бригадасы жіберілді. Аулау рейдтік іс-шаралары жүргізіліп, сол аумақтан 5 бас қаңғыбас ит-мысықтар ауланды. Қазіргі таңда ол аумақ бақылауға алынып, күнделікті рейдтік іс-шаралар жүргізілуде».
Қазіргі таңда Шымкент қаласы аумағында қаңғыбас ит-мысықтарды аулау бойынша 4 бригада жұмыс істеп жатыр. Мамандар мегаполис үшін бұл аздық ететінін айтады. Сөзінше, айына 400-ге жуық шағым түседі.
Айта кетейік, егер аулаңызда немесе көше аумағында қаңғыбас ит-мысықтарды байқасаңыз, олардан қауіптенсеңіз айкөмек 109 орталығына немесе, 45-05-05; 45-05-22 байланыс нөміріне хабарласуға болады.