«Биылғы оқу жылы басталғаннан бері 9185 оқушы, 1282 студент КОВИД жұқтырған»

60

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой күнделікті коронавирус жұқтыру көрсеткіші төмендегенін жеткізді. Еліміздің бас дәрігері сонымен қатар оқушылар мен студенттер арасындағы ковид жұқтыру қарқыны мен вакцинация науқанының өту барысы туралы да сөз қозғады.

Еліміздің бас дәрігері Алексей Цой биылғы оқу жылының басынан бері 9 мыңнан астам мектеп оқушысы коронавирус жұқтырғанын жеткізді. Оның сөзінше, жаңа оқу жылының басталуына байланысты күнделікті мониторинг жүргізіледі. Осы мониторинг нәтижесі бойынша, 9185 оқушының вирус жұқтырғаны анықталған.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі: «Бұл оқушылардың жалпы санының 0,26% – ын құрайды. Тексеріс барысында оқушылармен 102 мыңнан астам байланыс орнатылды, олардың 624-і оң нәтиже көрсетті. Сонымен қатар, студенттер арасында 1282 жағдай тіркелген. Оның ішінде 935-і орта білім беру ұйымдарының студенттері арасынан болса, 347-сі жоғары оқу орындарының студенттері қатарынан тіркелген. Бұл жалпы орта беретін оқу орындарындағы студенттер санының 0,2% -ын құраса, жоғары оқу орындарындағы студенттердің 0,08%-ын құрайды».

Министр короновирус инфекциясының тәуліктік таралу қарқыны 2,4 есеге төмендегенін де атап өтті. Қыркүйек айының басымен салыстырғанда аурудың тәуліктік көрсеткіші біршама азайған. Мамандардың айтуынша бұл жаппай вакцинацияның әсері. Яғни, вирусқа қарсы екпенің нәтижесінде ұжымдық иммуниет қалыптасып жатыр дейді.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі: «Короновирус инфекциясының таралу индексі бір ай ішінде бірден төмен, жұқпалы төсектердің қамтылуы 39-дан 33%-ға дейін, реанимациялық кереуеттер көрсеткіші 40-тан 31%-ға дейін азайған. Сонымен қатар, ауыр науқастар санының төмендеуі байқалады. Сондықтан соңғы айда ауыр және өте ауыр науқастардың саны 2 есеге азайған».

Бірақ арқаны кеңге салуға болмайды. Мамандар әлі де бетперде тағып жүру міндетті екенін айтады. Сондай-ақ, өткен жылғыдай эпидемиологиялық жағдай күз айларында тұрақталады деген ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі биыл көктемде де науқастар саны аз болатындығын айтты. Өйткені, вакцинацияның күші бір жылға жетеді дейді ол. Яғни, тәжівирустың таралуы климатқа байланысты емес.

Марат Шоранов, ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі: «Коронавирус инфекциясы күн ыстықта өршіп, күн суытқанда азаяды деген болжамдарды жоққа шығарғым келеді. Вирус жұқтыру темпереатураға байланысты емес. Әр мемлекетте климат әртүрлі. Мысалы, Ресейдің климаты бізге жақын, бірақ ковидтің өсу қарқыны бізден өзгеше».

Айта кеттейік, Қазақстан бойыша вакцинацияланғандар саны 7 775 348 адамға жетті. Оның 2-ші компонентін 6 776 270 адам салдырды. Денсаулық сақтау министрі Шығыс Қазақстан, Түркістан облыстары және Алматы мен Шымкент қалалары вакцина салу бойынша алғашқы орындарда екенін атап өтті.

Мөлдір Ибадуллаева