7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық күні. Бүгін қаладағы Арбат алаңында медицина қызметкерлері жастармен бірігіп айтулы датаны атап өтті. Шара аясында қала тұрғындарына ашық аспан астында медициналық көмек көрсетілді. Белсенділік танытқан жастар салауатты өмір салтын насихаттайтын спорттық шараларға қатысты.
Бүгін 700-ге жуық Шымкенттік тұрғынға тегін медициналық көмек көрсетілді. Арбатқа жиналғандар дәрігерлерден медициналық кеңес алып, талдаулар үшін қан тапсырып, қан қысымын өлшеуге мүмкіндік алды. Ердәулет Сейітбек арнайы шара аясында көз жанарын тексертіп алды.
Ердаулет Сейітбек, студент: «Көзімді біраз уақыттан бері тексерте алмай жүрген едім. Осы шара арқылы окулист дәрігерге келіп, тексертіп алдым. Мамандар көзіңе ота жасау қажет дейді»
Медицина қызметкерлері тұрғындарды тексеріп қана қоймай, өз тәжірибелерімен де бөлісті. Мәселен, жедел жәрдем қызметкерлері алғашқы медициналық көмек түрін қалай дұрыс көрсету қажеттігін көрсетті. Шара қалалық денсаулық сақтау басқармасы мен студенттік емхананың ұйымдастыруымен өтіп отыр.
Жұмабек Әбенов, студенттік емхананың бас дәрігері: «Арбатта бейінді мамандар: эндокринолог, окулист, кардиолог, лор маманы, ЖИТС орталығынан да мамандары тұрғындарға қызмет етіп жатыр. Жедел жәрдем қызметкерлері де келіп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Жалпы саны 10-нан астам қызметкер шымкенттіктерге кеңес берді»
Дүниежүзілік денсаулық күні аясында өткізіліп отырған шарада түрлі спорттық сайыстар мен жас суретшілердің көрмесі ұйымдастырылды. Белсенділік танытқан жастар қатарластарын жаман әдеттерден аулақ болуға және салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Алдағы уақытта тұрғындардың саулығы үшін ұйымдастырылатын шаралар жалғасын табатын болады.