Тарихи-мәдени ескерткіштер маңы тазартылды

43

Киелі мекен акциясы аясында үшінші мегаполисте 15 тарихи-мәдени нысан айналасы тазартылады. Ал бүгін Еңбекші ауданында Жеңіс саябағы маңы жиналса, Қаратау ауданында жастар Ибрагим ата кесенесін күтіп-баптауға көмектесті.

«Киелі мекен» акциясы аясында қаланың тарихи-мәдени орындары тазартылуда. Бүгін саябақтарды жинауға Қаратау мекемесінің қызметкерлері де атсалысып жатыр. Олар бұл азаматтық міндетіміз дейді.

«Осы Жеңіс саябағына келіп, қоқыс, қағаз, пластиктерді тазартып, жастарға үлгі көрсетіп жатырмыз. Мекемеден шараға 40 шақты жұмысшы қатысты. Өзіміздің қаланы көркейту, гүлдендіруге осылайша атсалысып жатырмыз», — дейді Қаратау мекемесінің бас директоры Дәуіржан Ысқақов.

Еңбекші ауданында мамандар кеше Тұрар Рысқұлов аллеясы айналасын күл-қоқыстан арылтса, бүгін Жеңіс саябағындағы ескерткішті жуып, аяқжолдарды сыпырумен айналысуда. Ал ертең тазалық жұмысы Қапал батыр демалыс орнында жалғасады.

«Осы бардюрлер, жол жанын тазалап, сыпырып жатырмыз. Сонымен қатар Сабыр Рақымов атамыздың ескерткішін жуып, бояуы кеткен жерлерін сырлап, ұқыпты ұстауға атсалысудамыз. Барша Қазақстанды «Таза Қазақстан» акциясына қатысуға шақырамыз», — дейді Еңбекші КММ директор орынбасары Қыдырбай Пашаев.

Сонымен қатар Қаратау ауданы жастары мен коммуналдық қызметкерлер Ибрагим ата кесенесінің артық шөптерін отап, нысандарды сырлаумен айналысты. 18 жастағы Хаятжан Жалалханов достарымен бірге киелі орынды күтіп баптауға қол ұшын созбақ ниетте келіпті.

«Колледждегі қатарлас достарыммен бірге Ибрагим ата мазаратын тазалауға бел будық. Мұнда келіп, шөп өскен жерлерді тазалап жатырмыз. Ауылымыздың таза болғаны бізге де жақсы. Өз ауылымызды жақсы көреміз», — дейді Шымкент аграрлық-техникалық колледжінің студенті Хаятжан Жалалханов.

Айта кетейік, 19 сәуірде аудан тұрғындары Мірәлі баба кесенесін тазартуға барады. Ал республика көлемінде өтіп жатқан акция негізінде үшінші мегаполисте 15 тарихи нысан мен ескерткіштер айналасы жиналып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы осылайша жергілікті жерлерде жүйелі түрде жүзеге асырылуда.