Шымкентте жалақы дауы. Жыл басында ондаған жұмысшы миллиондаған теңгесін ала алмай, шағымдануға мәжбүр болды. Қарыз өтелді ме? Ал банкрот болған кәсіпорындардағы қызметкерлердің еңбекақысы қайтпек?
Жыл басында қаладағы үш кәсіпорынның 15 жұмысшы 25 миллион теңге еңбекақысын ала алмай, еңбек инспекциясына шағымданған. Бұл туралы мемлекеттік еңбек нспекциясы комитеті Шымкент қаласы бойынша департаменті мәлім етті. Қазіргі таңда жалақы берешегі толығымен жойылған.
ЖЕҢІС МАҚҰЛБАЕВ, МЕМЛЕКЕТТІК ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ КОМИТЕТІ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: «Жалақы берешегінің қордалануы қалыпты жағдай емес. Өйткені бұл әрбір жұмыскердің, азаматтың тікелей жеке басына келіп тірелетін дүние. Ол жалақы ала алмаса отбасын асырай алмайды. Теріс жақтары өте көп. Бұл тікелей заңбұзушылық».
Бұдан бөлек сотпен екі кәсіпорын банкрот деп танылған. Ондағы еңбек жалақысы өндірілмеген. Нақтырақ айтқанда кәсіпорындардың жұмысшыларына 45 миллион теңге қарызы бар. Мұндайда жұмысшылардың қандай құқығы бұзылып тұр?
ЖЕҢІС МАҚҰЛБАЕВ, МЕМЛЕКЕТТІК ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ КОМИТЕТІ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: «Тікелей еңбек құқығы бұзылып жатыр. Өйткені еңбек жалақысы ай сайын төленуі тиіс. Айдың оныншы жұлдызына дейін төленуі тиіс болса, мерзімінде төленбеген болса заң бойынша оған айыппұл да, үстемақы сияқты қарастырылған шаралар бар. Ол да қоса төленуі керек. Өйткені еңбекақы әлеуметтік басты мәселелердің бірі болып табылады». 0
Айта кетейік, өткен жылы еңбек жалақыға байланысты мыңнан аса адамның құқығы қорғалған.
Дилара Иса






