Түркістан қаласында ағаштарды отырғызу, күтіп-баптау және өңірдің экологиялық жағдайын жақсартумен айналысатын «Жасыл аймақ» коммуналдық мемлекеттік мекемесінен тағы шу шықты. Бұл жолы мекеме басшылығы 550-ге жуық жұмысшының еңбекақысын бермей қойған.
Мұндай заңбұзушылық прокурорлық тексеру кезінде анықталған. Облыстық прокуратураның дерегінше, мекемеге жұмысшыладың жалақысын төлемей келген. Сол үшін мекеме басшысы мен бас есепшіге шара қолданылған.
Айта кетейік, өткен жылы Түркістан қалалық соты облыстық табиғат пайдалану және табиғи ресурстар басқармасы жанындағы «Жасыл аймақ» мекемесінің бұрынғы басшысы мен оның орынбасары, заңгері мен кәсіпкерге қатысты үкім шығарған. Олар техникалық ерекшелікке және қойылатын сапа талаптарына сәйкес келмейтін арзан пестицидтер мен гербицидтерді сатып алу арқылы бюджеттің 15 млн. теңге шамасында қаражатын жымқырды деп айыпталған.
Мекеме басшысы 2 жыл 6 айға, қалғаны 2 жылға бас бостандығы шектелген. Сот оларды өмір бойы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан айырған еді.
Дилара Иса






