Алқа отырысында жастар тәрбиесіне қатысты ұсыныстар айтылды

40

Шымкентте жастар тәрбиесі мен идеологиясы алқа отырысында сөз болды. Сонымен қатар жиын барысында қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының былтыр атқарған жұмыстары кеңінен талқыланды.

Биыл Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасына бюджеттен 2 млрд. 634 млн. теңге қаражат бөлінген. Ол жастар арасында түрлі іс-шаралар өткізіп, жас азаматтардың рухани және идеологиялық тұрғыдан дамуына жұмсалмақ. Аталған қаржының қайда жұмсалатынын толығырақ басқарма басшысы Алқа отырысында мәлім етті.

«Басқарма тарапына 393 мың, мемлекетік аппараттық саясатты жүргізуге 1 млрд, қоғамдық келісімге 167 мың, ЖРО-ға 378 мың, өңірлік коммуникациялар қызметіне 123 мың теңге қаралды. Бұл жастардың идеологиясын қалыптастыруына жұмсалатын болады», — дейді Шымкент қаласының Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Бахтияр Өнербаев.

Кездесу барысында қоғам белсенділері сөз алып, өзін толғандырған мәселесін ортаға салды. Атап айтқанда Шымкент қалалық Азаматтық альянсының басшысы үкіметтік емес ұйымдардың мәселесін көтерді. Оның сөзінше қазір бірлестіктерге тиісті көңіл бөлінбей жатыр.

«Қыруар жұмыс атқарылып жатқан шығар. Бірақ осы үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс онша көрінбей отыр. Біз Шымкентте аз емеспіз қалада 2400 бірлестік бар. Үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс Азаматтық альянс қана жұмыс істемейді. 583 ұйымды бір жерге жинап, әкім мырза жолықса болмай ма? Бұл президенттің тапсырмасы, үкіметтік емес ұйымдармен тығыз қарым-қатынаста болуы келек», — дейді «Шымкент қаласының Азаматтық Альянсы» ҚБ төрағасы Жұмағали Білісбеков.

Қаламызда 14 пен 35 жастағы 381 мың азамат бар. Сондықтан алқа отырысында жас ұрпаққа саналы тәрбие беру, жастарды келешек кадр ретінде тәрбиелейтін арнайы алаң құру, азаматтық қоғам институттарының белсенділігін арттыру сынды ұсыныстар айтылды.